«Қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен»: қазақстандықтар курьерді жұмыстан шығарған Magnum-ға байкот жариялады
- автор Томирис Тоныкөк
- 6 сәуір, 2025
- 163

Magnum желісінің курьерінің жұмыстан қуылуы әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. Курьер тапсырыс берушіден қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен. Бұл оқиғадан кейін компания басшылығы оны жұмыстан шығарып жіберген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Asyll_khan есімді желі қолданушысының жазуынша, Magnum-нан азық-түлікке тапсырыс берген. Бірақ үйіне келген курьер одан қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен.
"Курьерге амандасып, рахмет айттым. Ал ол менен "Атың кім?" деп сұрады. "Асылхан" дедім. Тапсырысты тексеріп жатқан шығар деп ойладым. Сөйтсем "Қазақша сөйле!" дейді. Өз үйімде маған қай тілде сөйлеуімді айтқаны ма? Таңданысымда шек болмады. Сосын бұл жағдай бірінші рет пе әлде мұнымен тағы басқалар да бетпе-бет келді ме деп ойладым. Сіз не істер едіңіз", – деп жазды желі қолданушысы.
Артынша компанияның клиенттерді қолдау қызметі желі қолданушысымен байланысқа шығып, тапсырысты жеткізген курьердің жұмыстан шығарылғанын жазған.
Бұл оқиға көпшілікті бей-жай қалдырмады. Желі қолданушылары Magnum желісіне бойкот жариялайтынын жазды. Бірақ компания курьерді тіл мәселесі үшін емес, клиенттермен бірнеше рет дөреке сөйлескені үшін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.
"Әлеуметтік желіде Magnum компаниясы курьерді тіл мәселесі үшін жұмыстан шығарды деген ақпарат тарауда. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Жағдайдың мән-жайы мүлдем басқаша. Курьердің жұмсытан босатылу себебі – клиенттермен бір емес, екі емес, бірнеше дүркін дөрекі сөйлесіп, қызмет көрсету әдебін қайталап бұзуы. Біз оған өз қателігін түзетуге жеткілікті уақыт, мүмкіндік бердік – ескерту жасадық, сынақ мерзіміне ауыстырдық. Алайда, өкінішке қарай, сол уақыт ішінде әдебі өзгермей, тағы да тұтынушымен араздасып қады. Келеңсіз оқиғалар қайталанды. Артынан шағым түсіп жатыр. Содан кейін, амал жоқ, еңбек шартын бұзуға тура келді", – деп жазды Magnum компаниясының өкілдері әлеуметтік желіде.