«Балаларым жұлып әкеп берді»: Ақтөбе облысында қызғалдақпен суретке түскен ауыл әкімі Әдеп кеңесіне шақырылады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:11
- 179

Ақтөбе облысында жұлынған бір шоқ қызғалдақпен суретке түсіп, желіге жүктеген ауыл әкімі әдеп кеңесіне шақырылады, деп хабарлайды, KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Құдайберген Жұбанов ауылдық округінің әкімі Ләззат Бердібаева әкімшілік жазаға тартылды. Алайда әкімнің өзі бұл гүлді балалары сыйлағанын және гүлдің бұл түрін білмегенін айтып, ақталды.
“Демалыста балалармен далалық серуенге шықтық. Балаларым жұлып әкеп берді. Естелікке суретке түстім. WhatsApp статусына салдым. Гүл туралы білмеппін. Оны жұлуға болмайтынын да білген жоқпын”, – деді Ләззат Бердібаева.
Ақтөбе облысының полиция департаменті гүлді кәмелетке толмаған балалар жұлғанын анықтады. Ауыл әкімінің бала тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғаны айтылды.
“Әлеуметтік желілерде жарияланған Мұғалжар ауданы тұрғынының гүлмен түскен фотосы бойынша ақпарат тексерілді. Тексеру барысында аталған тұрғын гүлдерді кәмелетке толмаған балаларының жұлғанын айтты. Нәтижесінде кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және күтіп-бағу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкер осы әрекетін Әдеп жөніндегі кеңесте қарау үшін аудан әкімдігіне ұсыныс жолданды”, – деді облыстық полиция департаменті.