«Парадта бүкіл блогер отырды»: Астанада әскери шеруге ардагерлерді кіргізбей қойды (видео)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:27
- 205

Астанада 7 мамырда Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери шеруді тамашалауға келген ардагерлерді кіргізбей қойған. Бұл туралы видео желіде тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бейнежазбада күзетте тұрған әскерилердің шеру көруге келген ардагерді ішке кіргізбей тұрғанын байқауға болады.
“Мен соғыс ардагерімін, Еңбек ардагерімін, 67 жыл нейрохируг болып қызмет еттім. Мені кіргізбей жатыр. Шындық қайда? Масқара”, – дейді ардагер.
Кейіннен әскерилер шеруді көруге кіргізбей қойған ақсақалдың кім екені белгілі болды. Ол Қазақстанның тұңғыш нейрохирургі Теңдік Изақов екен.
Желі қолданушылары “Парадта бүкіл блогер отырды. Ал мұнда ардагерді кіргізбей тұр”, “Толған блогерлер, масқара. Сонда шеру кім үшін?”, “Атадан ұят болды” деп жазды.
Бұл жағдайдан кейін әкімдік жанындағы басқарма басшылары ардагерден кешірім сұрағанын мәлімдеді.
“Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб пен Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл ардагері, профессор Теңдік Изақов және оның отбасымен кездесіп, оның көпжылдық ерлік еңбегі үшін алғыстарын білдіріп, 7 мамырдағы парад өткізілген жерде трибунаға кіре алмағаны үшін кешірім сұрады. Іс-шара аумағына өту арнайы тізім бойынша жүзеге асырылған. Орын саны шектеулі болғандықтан және ардагерлердің жасы ескеріліп, тізім тек ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей келіп түскен өтініштер негізінде жасақталған. Алайда парадқа еліміздің барлық өңірлерінен келген ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысқан. Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түспеген. Астана әкімдігі болған жағдай үшін Теңдік Изақов пен оның туыстарынан шын жүректен кешірім сұрайды”, – деп түсіндірді Астана әкімдігі.