Қызғалдақтармен суретке түскен ауыл әкіміне қатысты сот басталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 мамыр, 2025
- 302

Қызғалдақтармен суретке түскен Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтің әкімі Ләззат Бердібаеваның ісі Ақтөбе қалалық сотында қарала бастады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
“МОЙ ГОРОД” мәліметінше, Іс әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 127-бабы, 1-бөлігі бойынша — ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамауы дерегімен қаралды.
Сот барысында Ләззат Бердібаева кінәсін мойындамады. Айтуынша, полицейлердің хаттамасында отбасы табиғатта 21 сәуірде шыққан деп жазылған. Бірақ шын мәнінде 19 сәуір, демалыс күні барған.
Жанында 6 және 8 жасар балалары болған. Қыздары шамамен 15 гүл үзіп, анасына сыйлаған. Хаттамада анасы балаларын гүлдерді үзбеу керек екенін ескертпегені және олардың Қызыл кітапқа енгені туралы айтпағаны көрсетілген. Алайда әкімнің айтуынша, ол бұл ақпаратты балаларға түсіндірген.
Сотта гүлдерге қатысты сараптама жасалмағаны белгілі болды. Яғни олардың сирек кездесетін немесе жойылып бара жатқан өсімдіктер тізіміне кіретін-кірмейтінін мамандар анықтамаған.
“Балалар дастархан жайып жатқанымда, 5–7 минуттың ішінде гүлдерді үзіп алып келген. Мен олармен суретке түсіп, оны WhatsApp статусыма салдым. Балалардың табиғатқа зиян тигізу ниеті болған жоқ, олар тек мені қуантуға тырысты. Бірақ мен оларға гүлдерді үзуге болмайтынын айттым. Демалған аумақ ерекше қорғалатын аймаққа жатпайды, сол жерде мал жайылып жүрді. Балаларым өте жауапкершілікті, мектептен берілген мінездемелері бар. Өзім мемлекеттік қызметте 18 жылдан бері жұмыс істеймін, заңды ешқашан бұзған емеспін. Әлеуметтік желідегі пікірлер маған қатты қысым көрсетті, бұл денсаулығыма әсер етті. Адамдар мені ғана емес, балаларымды да тілдеді. Мен тарапымнан ата-аналық міндеттерді орындамау фактісі болған жоқ. Сондықтан мені әкімшілік жауапкершілікке тартпауды сұраймын, – деді Ләззат Бердібаева сотта.
Ол сотқа мемлекеттік қызметшінің жұмысына оң баға беріліп, әкім болып тағайындалғалы бері ауылда жағдайдың жақсарғаны туралы ауыл тұрғындарының және ақсақалдар кеңесінің хатын ұсынды.
Сотқа шақырылған орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциясының өкілі Артур Кантарбаев олардың мекемесі өсімдіктерді зерттемейтінін түсіндірді.
Барлық тарапты тыңдаған соң, судья істі қарауды 15 мамырға қалдырды.