Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді есірткі бойынша тексеру: ереже бекітілді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 18:54
- 31
Тиісті бұйрықты Денсаулық сақтау министрлігі және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі әзірледі.
Құжатқа сәйкес қызметкердің мінез-құлқын жұмыс барысында кадр қызметі мен тікелей басшысы бақылайды. Ережеде, мысалы, мінез-құлқы күрт өзгеруі, жұмысқа жиі келмеу және кешігу, инъекция іздері, сөйлеу немесе қимыл үйлесімі бұзылуы, мазасыздық пен галлюцинация сияқты белгілер көрсетілген.
Алайда бұл белгілер есірткі тұтынды деуге тікелей дәлел бола алмайды: олар тек адамды медициналық тексеріске жіберу туралы шешім қабылдау үшін қажет.
Кадр қызметі әртүрлі топтағы үш немесе одан да көп белгіні байқаса, бұл туралы мемлекеттік орган басшысына хабарлайды. Басшы бір жұмыс күні ішінде шешім қабылдауға тиіс. Одан кейін кадр қызметі 48 сағат ішінде жолдаманы рәсімдейді. Жолдаманы алғаннан кейін қызметкер тексерістен өтуіне екі жұмыс күні беріледі. Тексеріс жұмыс уақытында жүргізіледі.
Есірткі тұтынғаны расталса, ақпарат Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және полицияға беріледі.
Бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 29 қарашада күшіне енеді.



