«Көйлегінің бәрі қан»: Атырауда ересек оқушылар 8-сыныптың екі оқушысын аяусыз сабаған
- автор Томирис Тоныкөк
- 13 мамыр, 2025
- 58

Атырауда жоғары сынып оқушылары 8-сыныптың екі оқушысын көк ала қойдай сабап тастаған. Оқиға сенбі күні болыпты. Балаларының үстіндегі соққы іздерін көріп шошыған ата-аналар полицияға хабарлаған. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Алайда ата-аналар баласын аяусыз соққыға жыққандар жауапсыз қала ма деп алаңдап отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Атырау қаласы Еркінқала ауыл округіндегі мектептің 9-сыныпта оқитын екі оқушысы 8-сыныптың екі оқушысын аяусыз соққыға жыққан. Оқиға құрылысы бітпеген тұрғын үй ішінде болыпты. Жәбірленген балалардың айтуынша, оларды таяқпен ұрған, бірақ күдікті тарап жай, қолмен ұрдық деп мойындамай отыр екен. Денесінің сау тамтығын қалдырмай соққан. Көк ала қойдай таяқ жеп, қанжоса болған балалар ата-анасына айтпай жасырған. Өйткені соққыға жыққан екі жасөспірім «ешкімге тіс жармаңдар» деп қорқытқан көрінеді.
«Көйлегінің бәрі қан, өйткені жұдырықпен де таяқпен де соққан, баланың қолы қанаған. Баламның көйлегі қан. Айтқан жоқ, кешке дейін бізден жасырды. Бізге жала жауып тұр. Балаға айтқызып қойдыңдар деп. Біз де анамыз, олардың балаларына жала жапқымыз келмейді», - дейді Тілекші Халықова.
«Баланы таяқпен ұрған, аяусыз ұрған. Жауыздық қой! Үйде бір шапалақ жемеген балалар далада баладан таяқ жеп жүр. Біз әділдік талап етеміз. Ол балалар мойындамады. Бір баланың мамасы кешірім сұрап келді. Екінші баланың мамасы айқай шығарды. Біз соған да қатты ренжіп тұрмыз. Жағдайға кешірім беріп, жай жауып тастасақ, тағы да қайталануы мүмкін ғой. Ұрған, бір күні басқа баланы өлтіріп тастайды. Сол кезде өкінеді», - дейді Құралай Шамарова.
Мектеп басшылары мұндай келеңсіз оқиға бұрын‑соңды болған емес деп отыр. Екі тараптың балалары да тентек қылығымен көзге түскен жоқ дейді. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.
«Қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу жүргізілуде. Мәселенің толық мән-жайы анықталып жатыр. Кәмелетке толмаған күдіктілердің болуына байланысты олардың заңды өкілдерінің қатысуымен жауап адынып жатыр», - дейді Атырау облысы ПД ресми өкілі, Мейірім Ердәулет.
Қылмыс жасаған жасөспірімдер құзырлы органдардың есебіне алынған. Құжаттар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады дейді полиция.