
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласын дамытуға арналған қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Жиында бірқатар орталық мемлекеттік органдар басшыларының баяндамалары тыңдалды. Мемлекет басшысы көлік министріне саладағы мәселелерді шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
"Президент шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев "Жасыл дәліз" жүйесін ұйымдастырып, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдаланудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өзінің бәсекелестік артықшылығын сақтап қана қоймай, оны нығайта түсуге тиіс", – делінген Ақорда хабарламасында.
Жиын соңында президент министр Марат Қарабаевқа жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін сөгіс жариялады.