«Баламызды әскерге өлтірсін деп жібермедік»: өз-өзіне оқ атқан сарбаздың ата-анасы әділдік іздейді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:36
- 214

Былтыр қарашада 18 жастағы қатардағы жауынгер Мұхамедияр Тастан Шекара қызметіне қарасты әскери бөлімде өзіне қол жұмсады. Биыл 23 сәуірде Семей гарнизонының әскери соты сарбазға "психологиялық және физикалық қысым көрсетті" деп, бөлімшенің кіші сержанты Азамат Тақыбаевты алты жылға соттады. Тақыбаев та, марқұм сарбаздың әке-шешесі де Мұхамедиярдың қазасына жалғыз сержант жауапты дегенге келіспейді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап.
Түркістан облысы Жаңабазар ауылының тумасы Мұхамедияр Тастан 2024 жылы қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлттық қауіпсіздік қызметіне қарасты "Құмбел" шекара бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. Туыстарының айтуынша, әскерге өз еркімен барған жас жігіт болашақта әскери қызметкер болуды армандапты.
Екі айға жетер-жетпес уақыттан соң үй іші Мұхамедияр шекара бөлімінің қарауыл мұнарасында күзетте тұрғанда өзін-өзі атып тастаған деген суық хабар алған.
Мұхамедияр Тастанның қазасынан соң өзін-өзі өлтіруге жеткізу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Содан бері тергеу жүріп, биыл 23 сәуірде Семей гарнизонының әскери соты үкім шығарды. Судья "Құмбел" шекара бөлімінде әскери қызмет атқарған кіші сержант Азамат Тақыбаев 451-баптың 2-бөлігінде қарастырылған қылмыстық әрекетті жасағаны, яғни қызмет өкілетін асыра пайдаланғаны және сарбаз өліміне жанама себепкер болғаны үшін айыпты деп ұйғарды.
Сот дерегінше, Тақыбаев Тастанға бірнеше рет моральдық және физикалық қысым көрсеткен, ұрып, қорлаған. Сот Тақыбаевты 6 жылға бостандығынан айырып, сарбаздың ата-анасына моральдық өтемақы ретінде 11 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Мұхамедиярдың әке-шешесі мұндай үкімге келіспейді.
«Біз баламызды әскерге өлтірсін деп жіберген жоқпыз ғой. Біреудің қол астына таяқ жесін деп жібермедік. Бұл шешімге келіспейміз», – деді Мұхамедиярдың анасы Рахима Жандарова.
«Баламызды құлдық дәуірге апарсын, "концлагерьде" сынасын деген жоқпыз. Не жазығы бар еді баланың? 18-ақ жаста еді ғой!» – деп налыды марқұм сарбаздың әкесі.
Сот процесі кезінде бірнеше сарбаз старшина міндетін атқаратын Тақыбаевты бөлім ішінде бірнеше рет масаң күйде көргенін айтқан. Тақыбаев мұны жоққа шығарады.
Мұхамедияр Тастан 2024 жылғы 7 қарашада түске дейін атқорада жұмыс істеп, түстен кейін шекара бөлімінің қарауылы міндетін атқаруға кетеді.
15:30 шамасында Мұхамедияр қарауылға берілетін АК-74 автоматын, 50 дана жауынгерлік оқ-дәрі мен екі оқсалғыш алған. Сөйтіп шекара бөлімінен 30-40 метр жерде тұрған, биіктігі 14 метр қарауыл мұнарасына бет алған.
Бестің шамасында ефрейтор Сейфоллаев мұнарада тұрғын Мұхамедиярға рациямен хабарласып, "учаскелерде жүрген көліктерді бақылып отырсың ба?" деп сұрайды. Тастан "ешқандай көлік көрінбейді" деп жауап берген. Бұл – сарбаздан түскен соңғы рапорт еді.
Сейфоллаев бір-екі минуттан соң мұнарадан екі рет атылған қару дыбысын естіген. Мұнара басына жедел көтеріліп, люкті ашқанда басынан қан ағып жатқан Мұхамедияр Тастанды көрген.
Мұхамедияр өзін атып тастағаннан кейін бір жарым сағаттан соң, 18:30-да ауылдағы анасына әскери бөлім өкілдері телефон шалып, қаралы хабарды естірткен.
Марқұм сарбаздың әке-шешесі Мұхамедиярдың қазасына жалғыз сержант жауапты деп танылғанына наразы. Олар шекара бөліміндегі офицерлер қызметін тиісті дәрежеде атқармағаны үшін жауап беруі керек деп есептейді.
«Сот офицерлердің әрекетіне құқықтық-қылмыстық баға берген жоқ. Олар туралы ешкім ештеңе деген жоқ. Сотталған старшина Тақыбаевтың адвокаттары да офицерлердің ісі бөлек қаралуы керек деді. Біз де қайта-қайта сұрадық. Бірақ жауап болған жоқ», – деді Арман Тоғызбаев.
Марқұм сарбаздың әкесі бұл іс бойынша тек бір адамды – кіші сержант Азамат Тақыбаевты ғана соттау туралы келісім болған деп топшылайды. "Сарбаздар да, басқа қызметкерлер де тек сол старшинаны қаралап сөйлеген".
«Әлгі бөлімде балаларды әркім бір ұрған, шетінен зәбір көрсеткен. Қинап қазша жүргізген. Ұйықтатпаған. Құл сияқты ұстаған. Бәрінің қолы көгерген. Енді олар осының бәрін тек Тақыбаевқа жауып отыр. Балаңыздың түбіне жеткен тек сол деп отыр», – деді Мұхамедиярдың әкесі.