«Ыстық ықылас» акциясы аясында қарттарға көмек көрсетілді
- автор Томирис Тоныкөк
- 20 мамыр, 2025
- 48

2025 жылдың 20 мамыр күні Қаратал ауданында игі істердің бір парасы жүзеге асты. “Qaratal jastary” орталығы мен “Жастар таңдауы” қоғамдық бірлестігінің волонтерлары бірігіп, жалғыз басты қарттарға көмектесу мақсатында «Ыстық ықылас» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Акция аясында волонтер жастар жалғыз тұратын апаның үйіне барып, күнделікті тұрмыстық шаруаларына қолғабыс көрсетті. Аула тазалап, үй ішін жинастырып, қажетті жұмыстарын атқарып берді. Мұндай қолдауға ризашылығын білдірген апамыз жастарға ақ батасын беріп, алғысын жаудырды.
— Қоғамда қайырымдылық пен мейірімділік сынды құндылықтардың маңызы зор. Біз бұл акция арқылы жастардың үлкендерге деген құрметін арттырып, ізгі істерге тартқымыз келді, — дейді ұйымдастырушылар.
Айта кетейік, «Ыстық ықылас» акциясы – Қаратал ауданында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан қайырымдылық шараларының бірі. Алдағы уақытта да мұндай игі істер жалғасын табатын болады.