Қызылордада бұрынғы полиция қызметкері жүкті әйелін аяусыз ұрып, үшінші қабаттан лақтырып жіберген
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:46
- 282

Қызылордада бұрынғы полиция қызметкері жүкті әйелін аяусыз ұрып тастаған. Сол күні ол үйге келгенде мас болған. Әйелін ұрып ғана қоймай, қылқындырған. Сол кезде оны өлтырып қойдым деп ойлап, 3 қабаттан лақтырып жіберген. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырған. Сондай-ақ, моральдық шығын келтіргені үшін 9 миллион теңге төлем жазылған. Бірақ соттың шешімі әлі күнге дейін орындалмаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Аруна Аманова мен майор Ж 2019 жылы үйленген. Келіншектің айтуынша, күйеуі оған тойдан кейін қол көтере бастаған. Кешірім сұраған сайын Аруна да оны кешіріп келген.
2022 жылы 4 қарашада Аруна жұмыстан келіп, ұйықтап қалған. Күйеуінің көзіне шөп салғаны туралы білгеннен кейін олар ұрсысып қалған.
«Түнгі сағат 3 кезінде оны екі досы үйге әкеп тастады. Сол күні майор дәрежесіне өтіп, соны тойлаған екен. Мас болған соң ештеңе білген жоқ. Осыны пайдаланып мен де телефонын тексердім. Сөйтіп оны ояттым. Қазір бекер оятқан екенмін деймін. Ол менімен ұрсыса бастады, содан кейін ұрды», - дейді келіншек.
Күйеуінің ұрғанынан қашып, ас үйге тығылып қалған. Алайда тауып алған ол қайтадан ұра бастаған. Біраз уақыттан кейін көзін ашса, далада жатқан. Күйеуі қасына келіп, оған терезеден секіріп кеткенін айтқан. Алайда, кейін оның әйелін өзі лақтырып жібергені белгілі болады.
Арунаның сөзінше, сот орындаушысы өз міндеттерін дұрыс атқармайды. Себебі моральдық шығынды әлі ала алмай келеді. Қазіргі кезде келіншек мүгедектер арбасына таңылған. Күйеуінің соққысынан тек денсаулығынан ғана емес, ішіндегі баласынан да айырылған. Ол жүктіліктің тоғызыншы айында болған. Үшінші қабаттан құлағанда ол омыртқасын сындырған. Дәрігерлер оның қай уақытта денсаулығы қалыпқа келетінін айта алмайды. Ендігіде жүре алатыны да белгісіз.