Шарм-эль-Шейх әуежайында Қазақстан азаматы қаза тапты: СІМ өкілі мән-жайды айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:38
- 56

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Мысырда қаза тапқан Қазақстан азаматының өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мәжіліс кулуарында Қуантыров бүгін марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілуі тиіс екенін айтты.
"Мәйітті жөнелту бүгін жоспарланып отыр, барлық рәсімнен кейін орындалады. Менің білуімше, Мысыр тарапынан қаржыландырылады. Моральдық өтемақы бойынша да мәселе шешілген. Сонымен қатар, бұл сапарға сақтандыру ұсынған қазақстандық сақтандыру компаниясы да іске қосылды. Жеңіл жарақат алған екі азаматша да елге оралды", – деді Қуантыров.
Журналистер Ақмарал Мұқанованың қазасы бойынша қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанын сұрады.
"Мысырдың азаматтық авиация министрлігі құрған комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір тиісті тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша нақты айта алмаймын, өйткені... Алдымен тергеу рәсімі жүреді. Бірақ, менің ойымша, егер тереңірек тергеу жүргізілсе, қазақстандық тарап та қатысады. Дегенмен, бұл мәселе біздің бақылауымызда", – деді ол.
Еске салсақ, 17 мамырда Шарм-эль-Шейх әуежайында жарнамалық тақтаның құлауынан Қазақстан азаматы қаза тапқаны туралы жазған едік.