Павлодарда мұғалім оқушының арқасынан шегемен түрткен: іс тоқтатылды
- автор Томирис Тоныкөк
- 22 мамыр, 2025
- 60

Павлодарда әлеуметтік желіде қызу талқыланған іс аяқталды. Математика пәнінің мұғалімі сабақ кезінде жоғары сынып оқушысын шегенің ұшымен түрткен жағдай бойынша заңбұзушылық болмағаны анықталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Биыл қаңтарда сыныпқа орнатылған бейнебақылау камерасы мұғалімнің оқушы тақтада есеп шығарып тұрған кезде арқа тұсынан шегенің ұшымен түрткен сәтін тіркеген. Жасөспірімнің ата-анасы мұғалімді күш қолданды деп айыптап, полицияға жүгінген болатын. Полиция бұл жайт бойынша кәмелетке толмаған балаға физикалық ауырсыну келтірген ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда бұл іс тоқтатылды.
"Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары бойынша қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты іс өндірісі тоқтатылды. Мұны сот-медициналық сараптаманың қорытындысы, кәмелетке толмағанды куәландырған сарапшының жауап беру хаттамасы, сондай-ақ кабинеттегі бейнежазбаны қарау арқылы ешқандай дене жарақатының болмағаны дәлелдеді", – деп жауап берді Павлодар облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына.