Ақтөбеде таныс әйелді кепілге алып, ата-анасын өлтірген 38 жастағы ер адамға қатысты сот отырысы басталды
- автор Томирис Тоныкөк
- 26 мамыр, 2025
- 156

Ақтөбеде адам өліміне әкеп соққан кепілге алу ісі бойынша сот отырысы басталды. Тергеу мәліметінше, 38 жастағы Сәрсенбек Басанов қызғаныштан ашуға беріліп, жәбірленушінің анасын 20 рет пышақтап, өгей әкесін балтамен ұрып өлтірген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыс 2025 жылдың 13 қаңтарында Ақтөбедегі үйде болған. Сот материалдарына сәйкес, Басанов үйге алдын ала дайындалып кірген, сөмкесіне пышақ, бұрағыш салған. Ол жазғы ас үйде жасырынып, жәбірленушінің 67 жастағы анасын қатыгездікпен өлтірген, кейін жәбірленушіні байлап, азаптаған. Оқиға куәгері болған өгей әкесін де балтамен ұрып өлтіріп, марқұмдардың денелерін жертөлеге жасырған. Сотта оқиғаның жантүршігерлік қырлары анықталды. Сотталушы жәбірленушінің шашынан тартып, еденге лақтырып, қол-аяғын байлап, аузын жауып тастаған. Кірпіктерін қолымен жұлып алған екен.
Сол кезде үйде болған кәмелеттік жасқа толмаған бала анасының байлаулы жатқанын көріп, қашып шығып, полиция шақырған. Арнайы операция барысында кепілдегі адамдар босатылғанымен, егде жастағы екі адам алған жарақаттарынан көз жұмды. Келесі сот отырысы 9 маусымда жалғасады.