«Арқанмен жылқыға байлап сүйреген»: ер адам әйелін сыныптастарымен кездескені үшін атып өлтірді
- автор Томирис Тоныкөк
- 29 мамыр, 2025
- 179

Қырғызстанның Ош облысы Қара-Кұлжа ауданында ер адам сыныптастарымен кездесу кешіне барған әйелін қызғаныштан өлтіріп тастады, деп хабарлайды kYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға 26 мамыр күні болған. Бұл туралы марқұмның ауылдастары әлеуметтік желілерде жариялаған.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, 38 жастағы әйел сол күні мектептегі 20 жылдық кездесу кешіне қатысқан. Оның кешке барғаны күйеуіне жақпай қалған. Сөйтіп ер адам әйелін үйіне келген соң, соққыға жыққан. Артынша арқанмен жылқыға байлап сүйреген. Ойындағыны істеп болған соң, оны атып тастаған.
Ош облыстық милициясы бұл ақпаратты растады. 102 пультіне Қара-Кұлжа ауданының тұрғыны алған ауыр жарақаттарынан ауруханаға жетпей көз жұмғаны туралы хабар түскен. Оқиға бойынша «Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды. 40 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.