Бейбіт Әлібековтің көлігімен трюк жасамақшы болған жас жігіт қаза тапты: сот үкімі шықты
- автор Томирис Тоныкөк
- 16 маусым, 2025
- 95

Алматы облысында белгілі блогер Бейбіт Әлібековтың Lamborghini көлігінің үстінен секіріп өтіп, трюк жасау кезінде көз жұмған жас жігіттің өліміне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
12 маусымда Алматы облысы Іле аудандық сотында көлік жүргізушісі П.ға қатысты қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігі бойынша (абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) қылмыстық іс қаралды.
Прокурор П.-ға бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Айыпталушы П. өз кінәсін толық мойындады. Бірақ жәбірленушілердің әрқайсысына 100 млн теңге көлемінде моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаппен келіспейтінін білдірді.
Сотталушының кінәсі Қылмыстық Кодекстің 104-бабының 1-бөлігі бойынша оның мойындау айғақтарымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ сотта зерттелген қылмыстық іс материалдарымен, оның ішінде бейне жазбалармен толық дәлелденді.
Сот көлік жүргізушісіне1 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. ҚР ҚК-нің 104-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Сот жазаны тағайындау кезінде — айыпталушының кәмелетке толмаған мүгедек баласының бар екенін, шын өкінетінін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жаза ҚР ҚК-нің 55-бабы 2-бөлігінің 1) тармағына сәйкес белгіленді.
Сондай-ақ, сот жәбірленуші А.-ның пайдасына — 3 000 000 теңге моральдық өтемақы, сондай-ақ, жәбірленуші А.-ның пайдасына — 2 000 000 теңге өндіру шешім шығарды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, 2024 жылғы 29 қазанда Іле ауданындағы «Сокол» СТК аумағында бейнеролик түсіру кезінде (Е.) оқыс жағдайда қаза тапты. Ол көліктің үстінен секірмекші болған. Алайда бұл трюк қайғылы оқиғамен аяқталды. Жүргізуші видео түсірмек болған жас баланы қағып кеткен.