«Ішкиімімді шешіп отырғам»: «Маңғыстау – Семей» пойызында әйелдер вагонына ер адам кіріп кеткен
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:42
- 109

«Маңғыстау – Семей» бағытындағы пойызда әйел жолаушы арнайы әйелдер вагонын таңдағанына қарамастан, ішке ер адамның кіріп кеткенін айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі SMARTNEWS.KZ басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ол әйелдер вагонына билет алып, қауіпсіз және жайлы сапар үмітінде болған. Алайда купеге ер адам – пойыз қызметкері кіріп, еш ескертусіз сұрақ қойған.
«Жай ғана тыныш жетіп, демалып, қауіпсіздікте болғым келді. Ыстық болды, ішкиімімді шешіп отырғам. Сол сәтте ер адам кіріп келді де: “Командировочный керек пе?” деп сұрады. Егер бірдеңе қажет болса, өзім шығатын едім ғой. Онда әйелдер вагонының не керегі бар?» – деді жолаушы.
Ол мұндай жағдайлар әйелдер вагоны деген ұғымның өзіне күмән келтіретінін айтып, жеке шекара бұзылғанын атап өтті.
«Біз мұндай билеттерді жайдан-жай алмаймыз. Бізге қауіпсіздік пен жайлылық керек. Бұл – каприз емес, бұл – базалық қажеттілік. Қызметкерлер де әйел болуы тиіс», – деді ол.
Алайда жолаушы бұл жағдай бойынша ресми шағым түсірмеген. Оқиғаға байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі түсініктеме берді: «38/37 «Маңғыстау – Семей» пойызының №6 вагонына әйел қызметкер жауапты болған. Алайда жол үстінде өзін жайсыз сезініп (бас айналу, қызуы көтерілген), уақытша ер адам – кезекші жолсерік оның міндетін атқарған. Ол тек қажетті қызметтік әрекеттермен шектелді». Компания бұл жағдай бойынша жолсерікпен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін және болашақта мұндай оқиғаларға жол берілмейтінін айтты.
Сонымен қатар, жолаушыдан кешірім сұрады. Айта кетейік, Қазақстанда әйелдерге арналған вагондар алғаш рет 2021 жылы енгізілген. Онда тек әйелдер мен 7 жасқа дейінгі ұл балалар ғана бола алады. Сондай-ақ, жұмыс істейтін жолсеріктер де – әйелдер. Бүгінде мұндай вагондар 11 бағыттағы пойыздарда бар, олардың қатарында: Астана – Семей Ақтөбе – Алматы Алматы – Маңғыстау Маңғыстау – Семей Атырау – Астана Павлодар – Түркістан 1 маусымнан бастап Орал – Маңғыстау бағытында да әйелдер вагоны іске қосылды.