“Мектептердің жабылуы министрліктің кесірі”: QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінің директоры Бейсембаевты сынады
- автор Томирис Тоныкөк
- 26 маусым, 2025
- 1

QAZBILIM Алматы ұлттық лицейінің директоры Аятжан Ахметжанұлы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевты сынға алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында соңғы кезде өзіне қарсы бағытталған ақпараттық шабуылдарды сынап, мұның артында кім тұрғанын білетінін айтты.
Аятжан Ахметжанның айтуынша, оқу-ағарту министрлігіне қарасты қаржы орталығы 2023 жылдың қарашасынан бастап жеке мектептерге арналған жан басына қаржыландыруды кешіктіруде.
“Бастапқыда жарты ай кешіктіріп жүрсе, қазір кейде үш ай, тіпті бір жылға дейін кешіктіріп жатыр. Соның кесірінен көптеген жекеменшік мектеп қаржылық қиындыққа тап болып, біразы жабылып та қалды”, – дейді ол.
Ол министрлік 2023 жылғы желтоқсан және 2025 жылғы сәуір, мамыр айларына тиесілі төлемдерді әлі толық жүргізбегенін айтады. Сонымен қатар ол мемлекеттен қолдау болмаса да, мектепті ұстап отырғанын жеткізді.
“Ұлттық лицейге шабуыл жасалғанда жақ ашпағандар, енді бір нәрсе тапқандай қуанып жатыр. Артымнан сөз қылғанша, елге білім берудің жолын бірге ойлаңдар. Ұлттық мектеп жүйесін дамытқың келсе – көмектес, қолыңнан келмесе – кедергі жасама! Мен сияқты жылына 10–20 миллионға оқытып, шетелге маман дайындап жатқан мектептермен күрес. Менің тірлігімді көре алмасаң, сырттан үрме!, - дейді ұстаз.