Кешкі асты қай уақытта ішкен дұрыс: ғалымдар ұзақ өмір сүрудің құпиясын айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- 27 шілде, 2025
- 413

Ұйқыға жатардан кем дегенде үш сағат бұрын тамақтану - денсаулық пен ұзақ өмір сүрудің маңызды шарты. Бұл туралы ұзақ өмір сүруді зерттейтін ғалымдар мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Аlmaty.tv. арнасына сілтеме жасап.
GQ журналының жазуынша, Оңтүстік Калифорния университетіндегі Ұзақ өмір сүру институтының директоры Вальтер Лонго кешкі астың тым кеш болуы адам ағзасындағы циркадты ырғақты бұзатынын айтқан. Бұл өз кезегінде ұйқы сапасын нашарлатып, зат алмасу процесінің баяулауына әкелуі мүмкін.
"Егер кешкі асты үнемі кеш ішсеңіз, ағза күннің белсенді кезеңі әлі аяқталған жоқ деп қабылдайды", - дейді дәрігер.
Ал Суррей университетінің тағамтану кафедрасының доценті Адам Коллинз кешкі астың уақыты түнгі ашығу мерзіміне тікелей әсер ететінін айтады. Ол интервалды тамақтану әдісін ұсынады, яғни барлық ас ішу процесін 12 сағаттық уақыт аралығына сыйғызу керек. Бұл түнгі уақытта майды тиімді жағуға мүмкіндік береді әрі метаболизмді жақсартады.
"Калорияны күннің ертерек уақытында қабылдау - биологиялық ырғақ тұрғысынан тиімді", - дейді Коллинз.
Ұзақ өмір сүретіндер қалай тамақтанады?
Сарапшының айтуынша, өмір сүру ұзақтығы жоғары қарт адамдар әдетте жеңіл кешкі асты таңдап, таңғы асқа дейін ұзақ үзіліс сақтайды.
Дегенмен мамандар заманауи өмір ырғағында кешкі асты ерте ішу әркімге оңай еместігін ескертеді. Таңертең көп адамда тәбет болмайды, ал түскі ас жұмыс уақытына сәйкес келмей қалуы мүмкін. Нәтижесінде, негізгі калория кешке қарай жиналады.
"Негізгі асты кешке ішкен күн болса, қорықпаңыз. Бірақ келесі күні ағзаға демалыс беріңіз, мысалы, көмірсуы аз таңғы ас ішіңіз", - деп кеңес береді Коллинз.
Сондай-ақ кешкі уақытта зиянды тіскебасардан аулақ болу керек. Егер кешкі асты ерте іше алмасаңыз, кештеу уақытта, бірақ шектеулі терезеде тамақтанудың өзі пайда әкеледі.
Кешкі асты жатардан дейін 3 сағат бұрын ішіңіз
Мамандардың ортақ пікірінше, кешкі ас пен ұйқы арасында кемі үш сағат болуы керек. Сонымен қатар күнделікті ас қабылдауды 12 сағаттық уақытқа шектеу денсаулыққа оң әсер етеді.
Егер қазіргі тамақтану тәртібіңізбен жақсы ұйықтап, денсаулық көрсеткіштеріңіз қалыпты болса, түбегейлі өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Алайда ұйқының бұзылуы, жоғары қан қысымы немесе холестериннің көбеюі байқалса, таңғы және түскі асты молырақ қылып, кешкі асқа жеңіл тағам тұтынған дұрыс.