Кейбір қазақстандықтардың коммуналдық қызмет ақысын мемлекет төлейді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:23
- 38

Вице-премьер Қанат Бозымбаев тарифтер өскен жағдайда тұрмысы төмен отбасыларға коммуналдық қызмет ақысының бір бөлігін мемлекет өтейтінін айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сондай-ақ, заң бойынша елімізде коммуналдық тарифтер қымбаттап кеткен жағдайда мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегі қарастырылған.
«Егер адамдардың табысы жетпесе, онда отбасының жиынтық кірісі есептеледі. Әр өңірде пайыз әртүрлі, осы шектен асып кеткен соманың бәрі жергілікті бюджет есебінен жабылады. Кейбір өңірлерде бұл шек 10% болып белгіленген, ал Астана мен Алматыда, бәлкім сәл жоғары болар, себебі, ол жақта халықтың табысы жоғары. Қызылордада 7 немесе 5% болуы мүмкін. Жалпы алғанда, егер коммуналдық төлем отбасының жиынтық табысының 10%-нан асып кетсе, ол шығын мемлекет, яғни жергілікті бюджет тарапынан өтелуге тиіс», - деді Бозымбаев.
Вице-премьердің айтуынша, кез келген әлеуметтік көмек мұқтаж адамдарға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
«Әрине, біз нормативтерді де ескереміз. Егер үш адам 800 немесе 1000 шаршы метрлік үлкен үйде тұрса, әлеуметтік нормаларға сай көмек көрсетіледі. Ал егер үш бөлмелі пәтерде 5-6 адам тұрса, онда біз шығынның 100%-ын өтейміз. Жалпы, кез келген әлеуметтік көмек шынымен мұқтаж адамдарға жетуі керек. Ең алдымен, бұл – әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтар», - деп атап өтті ол.