«Ескертпестен дәрігерлер кесарь тілігін жасап тастаған»: Абай облысында ер адам әйелінің өліміне кінәлілерді жазалауды сұрайды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:39
- 164

Абай облысында жарынан және дүниеге келмей жатып шетінеп кеткен сәбиінен айырылған Ұлан Балапанов жарты жылдан бері әділдік іздеп жүр. Оның айтуынша, Үржардағы перзентханада кеткен қателіктің салдарынан әйелі мен құрсағындағы баласы көз жұмған. Алайда тергеу созбақталып, кінәлі дәрігерлер әлі жауапқа тартылмаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлан Балапановтың айтуынша, 34 жастағы Гүлнар Бейшанова денсаулығына шағымданбай, перзентханаға өз аяғымен барған. Бірақ ана мен бала жұмбақ жағдайда көз жұмған. Ал істі тергеу барысы ұзаққа созылып кеткен.
"Жолдасымның және сәбиімнің өліміне кінәлі дәрігерлер заң алдында қатаң жауап берсе екен деймін. Сол кісілер әлі күнге дейін жұмыс істеп жүр. Бұл кісілерге ешкім ешқандай шара қолданған жоқ. Аудандық полиция департаментінен сұрасам, "Иә, тергеп жатырмыз" дейді. Ешқандай нәтиже жоқ", – деп қынжылды Ұлан Балапанов.
Ұлан Балапанов әйеліне дәрігерлердің кесарь тілігін жасатқанын жасырды дейді. Тілікті жасатуға рұқсат туралы қолхатта әйелінің қолы емес, басқа бір әйелге қойдыртқан деп отыр.
"Менің келісімімсіз, ескертпестен дәрігерлер кесарь тілігін жасап тастаған. Жұбайым да қол қоймаған. Егер осы үндеуден кейін қылмыстық іс қозғалып, алға жылжымаса, бала-шағамды ертіп, Астанаға барамын. Ақорда алдына жатсам да, президенттің қабылдауына кіріп, алдынан өтуге тырысамын", – деді марқұмның күйеуі.
Ал Үржар аудандық ауруханасының бас дәрігенің міндетін атқарушы Мадина Ноғайбаева дәрігерлердің кінәсі толық дәлелденбей, шара қолданылмайды деп қысқа қайырды.
"Дәрігерлердің кінәлары әлі толықтай дәлелденген жоқ. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Сот шешімі шыққаннан кейін дәрігерлерге қатысты нақты шешім шығады. Олар шешім шыққанша жұмыс атқарады", – деді Мадина Ноғайбаева.
Жұбайы мен баласынан бір-ақ сәтте айырылған азамат қайғылы оқиғаға дәрігерлердің салғырттығы себеп болғанына сенімді. Сондықтан істі соңына жеткізіп, кінәлілердің жазаланғанын қалайды. Айта кетейік, қазір Ұлан Балапанов мектепте оқитын екі қыз мен бір ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.