«Үш миллион теңге талап еткен»: Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрып-соғып, сексуалды сипатта зорлық көрсеткен (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 12:22
- 211

Алматы облысында екі әйел кәмелеттік жасқа толмаған қызды ұрлап, оған жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен, деп хабарлайды KYN.KZ тілшісі.
Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тарады. Екі әйел 16 жастағы қызды үйінен алдап шығарып, ұрлап әкеткен. Әйелдердің біреуі ауылдық округтердің бірінің әкімі аппаратының қызметкері екені айтылған.
"Әйелдер қызды ұрып-соғып, денесіне темекі шоғын басып, өзенге батырып, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасап, қол-аяғын сүюге мәжбүрлеген және осының барлығын видеоға түсірген. Сондай-ақ олар бұл видеоны таратпау үшін үш миллион теңге талап еткен", - делінген ақпаратта.
Алматы облысының Полиция департаменті бұл деректі растап, күдіктінің ұсталып, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Полиция кәмелетке толмаған балаға қатысты дене жарақатын келтіру және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Екі күдікті әйел де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады ведомство.