Ақмола облысында бірнеше адам турфирмаға 35 млн теңге төлеп, шетелге шыға алмай қалған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:19
- 31

Ақмола облысында туристік агенттік арқылы шетелге саяхаттамақшы болған тұрғындар алданып қалды. Орталықтың жетекшісіне қатысты алаяқтық дерегі бойынша тергеу аяқталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Облыстық ПД мәліметінше, Көкшетау қалалық полиция басқармасына 2024 жылдың желтоқсанында арыз түскен. Кейінгі арыздар биылғы тамызға дейін қабылданған.
«Арыз иелері туристік қызмет көрсетеміз деген сылтаумен агенттік өздеріне тиесілі қаражатты иемденіп алғанын мәлімдеді», – деді облыстық ПД өкілдері.
Ал жалпы саны 39 тұрғын зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі шамамен 35 миллион теңгені құрады.
«Тергеу барысында күдіктінің жеке басы анықталды. Ол – 27 жастағы Көкшетау тұрғыны.
ҚР ҚК-нің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қозғалған қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды», – делінген ПД түсініктемесінде.