Елімізде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:18
- 23

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, елімізде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Қаулыға сәйкес, инновациялық қызмет саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Ғылым және жоғары білім министрлігіне бере отырып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі болып қайта құрылды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры болып айқындалды.
Үкіметке мемлекеттік органдардың және оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың штат санын қайта бөлу мен жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Жарлықтың орындалуын бақылау президенттің әкімшілігіне жүктелді. Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.