Түркияда қазақ қызын көлік қағып өлтірді: жүргізуші 395 200 теңге айыппұл беріп, жазадан құтылып кеткен
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:10
- 28

Осыдан екі жыл бұрын, 13 қазанда Түркияның Аланья қаласында жолдан қазақстандық Әлия Құлмағамбетованы қатты жылдамдықпен келе жатқан түрік қыз қағып кетіп, ажал құшқан еді. Марқұм бағдаршамның жасыл түсі жанған кезінде жолдан өтпек болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Түркия соты жол апатына кінәлі қызға 30 400 лира, яғни, 395 200 теңге айыппұл салып, жазадан босатып жіберген.
Бұл туралы марқұмның әпкесі Меруерт Ибраева өзінің желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Бүгін Түркияда сіңілім Әлияны қағып өлтірген адамның соты өтті. Тергеу 2023 жылдың 13 қазанынан бері тура екі жылға созылды. Бірінші сот отырысына қатысқан кезде отбасымыз жол апатына кінәлі қыздың ісіне өкінгенін көрмеген. Әрине, әділ тергеу болмайтынын түсінсек те бұндай болады деп күтпеген едік. Тергеу жүріп жатқанда әлгі бойжеткеннің tiktok-қа ән айтып видео түсіріп жүрді. Соған қарап ішімізді өкініш өртейді. Ол тіпті жол апатынан кейін изоляторда отырған жоқ», - деп жазған Меруерт.
Айтуынша, сот кінәлі адамға 2,5 жыл жаза тағайындаған. Алайда, соңында айппұл салып, босатып жіберіпті.
«Сот оның бұрын сотталмағанын ескеріп, жазасын 2 жыл бір айға қысқартты. Артынша сіңіліміздің өліміне кінәлі оған 30 400 лира, біздің ақшамен санағанда 395 200 теңге айыппұл салды да босатып жіберді», - дейді автор.
Отбасы қазір сотқа қайта шағым түсірмек.