Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Мұғалімдер күні: оқу-ағарту министрлігі челлендж жариялады

Мұғалімдер күні: оқу-ағарту министрлігі челлендж жариялады
Сурет: zastavki.gas-kvas.com
Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдер күніне орай челлендж ұйымдастырды.

Оқу-ағарту министрлігі Мұғалімдер күніне орай "Ұстазыңды құттықта!" челленджін жариялады, деп хабарлайды KYN.KZ ведомствоға сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстан бойынша 25 қыркүйек пен 5 қазан аралығында "Ұстаз – ұлт шамшырағы" онкүндігі өтеді.

Оның аясында өңірлерде күн сайын педагогтерге арналған мерекелік және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама педагог мәртебесін көтеруге, ұстаз мамандығын кеңінен насихаттауға, оның қоғамдағы ерекше рөлін баса көрсетуге бағытталған.

Сондай-ақ министрлік осы онкүндік аясында "Ұстазыңды құттықта!" челленджін жариялап отыр.

"Бұл шараның мақсаты әр балаға тәлім мен тәрбие, өнеге берген, оның тұлғалық қалыптасуына үлес қосқан ұстазға алғыс пен құрмет сезімін білдіру", - делінген хабарламада.

Челленджге барлық ниет білдіруші қосыла алады, ол үшін:

  • әлеуметтік желілерде #Ұстазыңдықұттықта #ПоздравьУчителя хэштегтерімен құттықтау жариялаңыз;
  • өз ұстазыңызға қоңырау шалып, жылы лебізіңізді білдіріңіз;
  • құттықтау хатын жіберіп, естеліктерді бөлісіңіз.

Айта кетелік, 2023 жылдан бері Қазақстанда Мұғалімдер күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Бұл күні еліміздің түкпір-түпірінде ұстаз еңбегін ұлықтауға арналған әртүрлі мерекелік шаралар өтеді.

Қазіргі таңда еліміздегі 22 мыңнан аса білім беру ұйымында 6 миллионға жуық оқушыға 600 мыңнан астам педагог білім беріп жатыр.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар