«Менің тұрған орнымды алып қойды»: Алматыда көк базардың саудагерлері жалға алып отырған орындарынан айырылып қалған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:34
- 44

Алматының Көк базарындағы саудагерлер базар әкімшілігіне наразы. Айтуларынша, бір ай бұрын басшылық еш ескертусіз сауда нүктелерін тартып алып, басқа адамдарға берген. Келісімшартты да біржақты бұзды деп отыр. Ал базардың өкілдері кәсіпкерлер шарт талаптарын өздері бұзғанын айтады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Жанар Райымқұлова 10 жылдан бері саудамен айналысады. Көпбалалы ана балаларын жеткізу үшін күні-түні көк базарда тұратынын айтады. Алайда бір ай бұрын сауда орнының өкілдері орнын заңсыз тартып алды дейді.
“7 қыркүйек “заңсыз орында тұрсың” деп 5 орнымды алып тастады. Бірақ ол орынды мен заңды түрде жалға алып, төлеп жүргенмін. Келісімшарт болған. Әкімшілік "үлкен кісілер келді, мықты кісілер келді, сен орныңды босат" деді де, менің тұрған орнымды алып қойды. Мені сонда кім қорғайды? Көпбалалы анамын, Қазақстан азаматымын, заңды салығымды төлеп отырмын”, – деді саудагер Жанар Райымқұлова.
“Біз өткен жылы базар басшылығымен 1 жылға келісімшартқа отырдық. Оны әр 11 ай сайын ұзартып отыруға келістік. Бірақ кейін басшылық келісімшартты ұзартудан бас тартты. Ал менің салған қыруар қаржым далаға кетті. Бұл ойына келгенін жасау ғой”, – деді саудагер Мақсат Қалиев.
Дәл осындай 30-ға жуық саудагер табыс көзінен айырылғандарын айтады. Ал базар әкімшілігі мәселе мүлде басқада деп отыр. Сөздерінше, кәсіпкерлер келісімшарттағы талаптарды өздері бұзған. Яғни саудагерлер жалға алған орнын үстеме бағамен өзгелерге қайта жалға беріп келген дейді.
“Біз ешкімнен ескертусіз барып, орындарын тартып алған жоқпыз. Ресми хат жібердік, ескерттік. Себебін де түсіндірдік. Тексеріс барысында саудагерлер келісімшартты өрескел бұзғанын анықтадық. Олар жалға алған орындарын үшінші адамға қайта жалға берген. Ал бұған рұқсат жоқ. Сондай-ақ рұқсат етілмеген орындарға да тұрып алған сатушылар бар. Бізде бәрі заң жүзінде”, – деді сауда орнының заңгері Нұрлан Қадырбаев.
Дегенмен саудагерлер орындарын ешкімге жалға бермегендерін айтады. Сондықтан сауда нүктелерін тезірек қайтарып беруін талап етеді.
Ұқсас жаңалықтар
Астанада қарттар күнінде зейнеткерлерге бір реттік төлем беріледі
- авторТомирис Тоныкөк
- 24 қыркүйек, 2025
Жетісу облысында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қайтыс болды
- авторkyn.kz
- 24 қыркүйек, 2025