Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстан әйелдердің экономикалық белсенділігі бойынша әлемдік үздік 30 елдің қатарына кірді

Қазақстан әйелдердің экономикалық белсенділігі бойынша әлемдік үздік 30 елдің қатарына кірді
Әйелдер кәсіпкерлігі ел экономикасының өсуіне ықпал етіп отыр.

Қазақстан әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ең қолайлы жағдай жасалған елдер қатарынан орын алды. Бұл туралы Ақтауда өтіп жатқан TURKWOMEN халықаралық әйелдер форумында экономика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ҚР ҒЖБМ ҒК Экономика институтының әлеуметтік саясат және адами ресурстар бөлімінің меңгерушісі Сәуле Қалиева мәлімдеді.

Оның айтуынша, әйелдер кәсіпкерлігі ел экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инновацияны дамытуға ықпал етіп отыр. Сонымен қатар халықаралық инвестицияларды тартуға және басқа мемлекеттермен серіктестікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жұмыспен қамтылған әйелдердің саны 4,5 млн адамды құраған. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 48,3%-ына тең. Ал әйелдердің жұмыс күшіне қатысу деңгейі 63,2%-ға жетіп, Қазақстанды әлемдік үздік 30 елдің қатарына шығарды. Сондай-ақ елде шағын және орта бизнес иелері, мемлекеттік қызметшілер мен IT саласының жетекшілері арасында әйелдердің үлесі артып келеді.

Айта кетейік, Ақтауда TURKWOMEN халықаралық форумы өтіп жатыр. Шара түркі әлемінің зерттеуші, кәсіпкер, мәдениет және медиа саласының өкілдері – әйел көшбасшыларын жинап, әйел рөлі туралы әңгімені декларациядан нақты іске көшіруді мақсат етеді.

Форумның ашылу салтанатында Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Бекзат Жүсіп Маңғыстау өңірінің әйелдері түрлі салада табысты еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетіп жүргенін атап өтті.

«Өңірімізде түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген, өз еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген аруларымыздың еңбегі көпке үлгі, келешекке өнеге. Бүгінгі форум – жай ғана ой-пікір алмасу емес, бұл - болашаққа бағдар болар, жас қыздарымызға жол сілтер үлкен мектеп. Біз қыздарымызға сұлулық пен инабаттылықты ғана емес, ең алдымен батыл болуды, биік мақсатқа жетуді, елдің игілігіне еңбек етуді үйретуіміз қажет. Бүгінгі басқосу соған ашылған кең жол, берекелі мүмкіндік», – деді Жүсіп.

Ақтауда өткен TURKWOMEN форумы түркі әлемінің әйел-көшбасшылары арасында ашық диалог құру мен байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды, дейді форум ұйымдастырушылары

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар