«Эпилепсия белгілері анықталды»: Ақтауда соққыға жығылған бір жарым жасар бүлдіршінді басқа бала ұрып, тістелеп тастаған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:23
- 46

Ақтаудағы жеке балабақшада бір жарым жасар бүлдіршін соққыға жығылды. Баланың анасы іс бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеуіне қатысты наразылық танытты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Баланың анасы Камила Қабиеваның айтуынша, қоғамда кең резонанс тудырған оқиғадан кейін балабақша тәрбиешісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы («Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау») бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында сот-медициналық сараптама тағайындалғанымен, оның қорытындысында «баланың денесінде тек екі сызат бар, денсаулығына зиян келмеген» деп көрсетілген.
«Бұл шындыққа мүлде сәйкес келмейді. Оқиғадан кейін бірден түсірілген суреттерде көптеген жарақаттар, көгерген және ісінген жерлер анық көрінеді. Біз бірнеше дәрігерге қаралдық – балама жабық бас-ми жарақаты, психикалық бұзылыс, көздің ісінуі және бас сүйегіндегі соққы салдарынан пайда болған гематома диагноздары қойылды. ЭЭГ нәтижесінде жарақаттан кейінгі эпилепсия белгілері анықталды. Невропатолог баламды жүйке жүйесі ауруы бойынша есепке алды», — деді Камила Қабиева.
Ол сараптама нәтижесіне ресми түрде келіспейтінін мәлімдеп, қайта тексеру жүргізуді сұраған. Бірақ полиция қызметкерлері бас тартқан.
«Маған қайта сараптама тек сот арқылы ғана тағайындалатынын айтты. Сонымен қатар, олар менің рұқсатымсыз күйеуіммен сөйлескен, ал ресми құжаттарда мен баланың заңды қамқоршысымын. Кейін маған істі «қате баппен қозғалған» деген сылтаумен жапқалы жатқанын хабарлады. Бірақ тергеу аяқталып, тараптар материалдармен танысып қойған. Маған істі азаматтық сотқа ауыстыруды ұсынды, бірақ бұл жерде баламның денсаулығына зиян келтірілді, сондықтан мәселе қылмыстық сипатта», — деді ол.
Қабиева тәрбиеші мен балабақшадағы күтушінің әлі де жұмыс істеп жүргенін айтады.
Ал Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл іс қаралу кезеңінде екенін және тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«Тергеу аяқталған соң кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады», — делінген ведомствоның хабарламасында.
Айта кетсек, бұған дейін Камила Қабиева әлеуметтік желіде 5 тамыз күні Ақтауың 14-шағынауданындағы жеке балабақшасында бір жарым жасар қызын басқа бала ұрып, тұншықтырып, тістегенін айтқан болатын. Сол сәтте бөлмеде тәрбиеші және оның көмекшісі де болмаған.