
Алматыдағы №1 балалар үйінің ғимараты толықтай сүріледі және жөндеу жұмыстары кезінде балалар басқа жерге орналастырылатын болды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков орталықтың ғимараты толықтай жаңартылатынын айтты.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, орталықтың ғимараты толықтай жаңғыртылады. «Интегра» ЖШС өздерінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бұл істі қолға алып, балаларды көшіруге дайын», – деді әкімнің орынбасары.
Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов балалар уақытша №1 интернатқа көшірілетінін айтты.
«Бұл интернат та білім басқармасының қарамағында. Бар-жоғы екі апта бұрын мұнда «Жанұя» арнайы балалар үйінің 90-нан астам тәрбиеленушісі тұрған еді. Балалардың иелігінде 1100 шаршы метрден астам аумақ, 18 бөлме бар. Ғимаратқа жөндеу жүргізілді. Апта соңына дейін балалар көшіріліп, орталықтың ғимараты босатылған соң, құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарына кіріседі», – деді ол.
Қазір нысанды толықтай бұзып, орнына жаңа ғимарат салу жобасы әзірленіп жатыр.
Айта кетсек, Алматыдағы №1 балалар үйін Қонаев қаласына көшіру туралы шешімге балалар қарсы шығып, наразылық танытты. Балалар қарсылық танытқан соң әкімдік полиция қызметкерлерін шақырып, шара қолданбақ болды. Бірақ кейін Президент Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, балалар басқа жаққа көшірілмейтін болды.