Жердің құнарлылығы, күннің мол шуағы мен еңбекқор жұрттың тынымсыз еңбегі өңір экономикасының негізін қалайды. Облыс тұрғындарының көпшілігі ауылдық жерде өмір сүретіндіктен, агросектордың дамуы — халықтың әл-ауқаты мен аймақтың тұрақтылығының басты факторы.
Егін мен еңбектің үйлесімі
Соңғы үш жылда Түркістан облысында ауыл шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асып келеді. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары енгізіліп, егіс алқаптарының көлемі айтарлықтай ұлғайды.
2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артып, 907 мың гектарға жетті.
Атап айтқанда:
Отырар ауданында егістік көлемі 20,8 мың гектарға көбейсе,
Арыс қаласында — 9,2 мың гектар,
Сарыағашта — 6,5 мың гектар,
Бәйдібекте — 4,8 мың гектар,
Сауранда — 2,3 мың гектарға жеткен.
Дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл егін науқанына қажетті 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Сонымен бірге күзгі егін жұмыстарына да қаржы мен техника толық қамтамасыз етілген.

Агросекторға тың серпін
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егіс алқаптарына 227 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда екі есеге артқан. Ғылыми негіздегі тыңайтқыш қолдану топырақтың құнарын арттырып, өнімділікті көбейтуге жол ашты.
Аграрлық саланы қаржыландыру да күшейген. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және басқа да өңірлік қаржы ұйымдары арқылы биылғы жылы 2 300-ден астам жоба қаржыландырылды. Несиелендіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артқан.
Техника паркі де жаңаруда: биылдың өзінде шаруалар 1 500-нан астам жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жалпы парк 8,8 пайызға жаңартылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 10 пайызға жетеді деп жоспарланған.
Мақта мен жылыжай — Түркістан бренді
Түркістан облысы — Қазақстандағы мақта өсіретін жалғыз өңір. Мұнда жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта өндіріледі. 22 мақта өңдеу зауытында 25 мыңнан астам адам еңбек етеді. Биыл 144 мың гектар жерге мақта егілді, оның 50 мың гектары тамшылатып суару жүйесіне қосылған.
2026 жылға қарай мақта алқаптарын тағы 50 мың гектарға ұлғайтып, жаңа мақта өңдеу зауыты, тігін фабрикасы және бояу өндірісін іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Түркістан жылыжай шаруашылығы бойынша да елде көш бастап тұр. Республикадағы жылыжайлардың 67 пайызы дәл осы өңірде орналасқан (844 гектар). Қазіргі таңда мұнда тек көкөніс емес, тропикалық жемістер — лимон, киви, банан өсіру қолға алынуда.
Жетісай ауданындағы жылыжай иелері бір түп лимоннан 100 келіге дейін өнім алуды жоспарлап отыр.

Астық — алтын қор
Түркістан облысы еліміздің негізгі дәнді дақыл өндіретін аймақтарының бірі. Өңірдің жылы климаты мен құнарлы топырағы бидай, арпа, жүгері, сұлы сияқты дақылдарды өсіруге ерекше қолайлы.
2025 жылы су үнемдеу технологиялары 59 мың гектарға енгізіліп, жалпы аумақ 114 мың гектарға жеткен.
Бұл көрсеткіш — ауыл шаруашылығындағы инновация мен экологиялық тиімділіктің нақты көрінісі.
Пилоттық жоба ретінде күрішті тамшылатып суару әдісімен өсіру басталды. Нәтижесінде гектарына өнімділік 3,4 тоннадан 4–5 тоннаға дейін артқан, ал болашақта бұл көрсеткішті 6–7 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.



