Ақмола облысында күйеуі бұрынғы әйеліне 9 рет пышақ сұққан
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 15:56
- 18
Ақмола облысында бұрынғы әйелін өлтіруге оқталған ер адам сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, ер адам ас үй пышағын алып, бұрынғы жұбайымен сөйлесу үшін оның жұмыс орнына барған.
Әңгіме барысында екеуінің арасында жанжал туындап, әйел дәретханаға кеткен кезде, ер адам оның артынан барып арқасына пышақ сұғып алған. Осы сәтте жәбірленуші қашып, басқа бөлмеге кірген, бірақ қаскөй оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Әйел сыртқа қашып шыққан кезде де, ер адам оны көшеде қуып жетіп, тағы да бірнеше рет пышақтаған. Көшедегі адамдар әйелге көмекке жүгіріп, қылмыскерді полицияға ұстап берген.
Жәбірленушінің денесінен барлығы 9 пышақ жарақаты анықталған.
Сот-медициналық сараптама ер адамның есірткіге тәуелді екенін және емделуді қажет ететінін көрсетті. Сот отырысында ол бұрынғы әйелін өлтіруге оқталғанын мойындамай, оны тек қорқытпақ болғанын айтып ақталған.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамды кінәлі деп тауып, 10 жылға соттады. Сондай-ақ оған жазасын өтеу орнында есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем тағайындады.
Бұдан бөлек, жәбірленушінің ауруханада емделуіне кеткен шығындарды өндіру туралы азаматтық талапты қанағаттандырды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.



