Алатау қаласында әуе такси қызметі іске қосылуы мүмкін
- автор Томирис Тоныкөк
- 7 қараша, 2025
- 176
Қазақстан Алатау қаласында әуе таксиі қызметін іске қосу үшін америкалық компаниядан 300 млн долларға электрлі ұшақтар сатып алуды көздеп отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, бұл тігінен ұшып-қонатын инновациялық ұшу аппараттары Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильділігі (Urban Air Mobility) жобасының негізі болмақ.
Жоба аясында сертификаттау және демонстрациялық ұшуларға арналған сынақ алаңын құру, сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларының көлік желісіне әуе таксиді интеграциялау жоспарланып отыр.
"Қазақстан инновациялық көліктің болашағына қадам басуда. Электрлі ұшақтарды сатып алу – смарт қалалар мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды кезең.
Бұл шара Алатау қаласын болашақтың жоғары технологиялы, бірегей қала ретінде дамытуға серпін береді", - деді премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпанда Көлік министрлігі Алматы әуежайынан Алатау қаласына дейін жолаушыларды аэромобильдер арқылы тасымалдау мәселесі талқыланып жатқанын мәлімдеген болатын.
Сол кезде аэромобильдерді пилоттық негізде іске қосу 2026 жылға жоспарланғаны айтылған болатын.




