«18 тісін бірден емдемек болған»: Астанада стомотологқа апарған 3 жасар қыз көз жұмды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:53
- 41
Астанада Dent-Park клиникасында тісін емдетуге апарған 3 жасар қыз анестезиядан кейін оянбай, көз жұмған. Стомотолог дәрігерлер бүлдіршінді ұзақ уақытқа ұйықтатып тастап емдеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қазір қылмыстық іске байланысты сот процесі жалғасып жатыр.
Отбасының адвокаты Руслан Айтжановтың айтуынша, ем кезінде медициналық стандарттар сақталмаған. Егер мамандар бірден бүкіл тісті емдеуге тырыспағанда, бала аман қалуы мүмкін еді.
Әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, дәрігерлер баланың 20 тісінің 18-ін бірден емдеуге шешім қабылдаған. Емшараның қауіпсіз екеніне сендірген.
«Седация таңғы 09:10 шамасында басталды. 14:00-де әйелім хабарласып, бала оянбай жатқанын айтты. Жедел жәрдем келді, реанимация 40 -45 минутқа созылды. Бірақ қызым оянбай қалды, жүрегі тоқтап, миы ісіп кетті», - дейді әкесі.
Қыздың әкесі фармацевтикалық бақылау деректеріне сүйене отырып, клиника алғашқы көмек көрсету кезінде заңсыздықтар жасағанын айтты. Клиника директоры Надежда Хон анестезиолог сол күні қызметтен кеткенін айтты. Алайда процедураға қатысқан стоматолог әлі де жұмыс істеп жүр.
Сот залында болған анестезиолог Жұмағалиева журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.
Жәбірленуші тараптың өкілі Руслан Айтжанов сапаны бақылау департаменті мен кешенді сот сараптамасы шыққанын атап өтті. Екі құжат та анестезиолог пен стоматологтың кінәсін көрсеткен.
Отбасы қылмысқа қатысты барлық дәрігерлердің жазалануын сұрайды.




