Маңғыстау облысында йогурт тиелген фура аударылып кетті. Бұл туралы видео әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Кадрларда Боранқұл ауылына жақын маңдағы 64-разъезде аударылған жүк көлігі көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, жол-көлік оқиғасына қатты көктайғақ себеп болған. Жүргізуші жергілікті тұрғындардан көмек сұрап, бұзылмаған тауарды тегін таратқан.
Маңғыстау облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғасы фактісін растады. Ведомство мәліметінше, апат 7 желтоқсанда шамамен сағат 14:20-да Бейнеу — Боранқұл тас жолында болған.
«Scania маркалы жүк көлігінің жүргізушісі тайғақ жолда рульге ие бола алмай, соның салдарынан көлік аударылған», — деп хабарлады полиция.
Құқық қорғау органдарының нақтылауынша, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген, медициналық көмек қажет болмаған.
Жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы бойынша — материалдық шығынға әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегімен әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді, бұл 78 640 теңгені құрайды.
Полицияда атап өткендей, йогурттарды тарату жүк иесімен келісілген болуы мүмкін. Өнім тез бұзылатын тауар санатына жатады, қаптамалардың бір бөлігі зақымданған және сақтау мерзімі шектеулі.



