Талдықорғанда әйел мысығын кір жуғыш машинаға салып жуған
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:01
- 46
Талдықорған қаласында әйел мысығын кір жуғыш машинаға салып жуған. Бұл туралы видео Threads желісінде жарияланды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Кадрдан мысықтың кір жуғыш машинаның барабанына салынғаны байқалады. Бейнежазба жарияланған сәттен бастап полиция қызметкерлері жануарларға қатыгездік көрсету дерегі бойынша тексеру жұмысын бастады. Ролик авторы бұл әрекетін «әзіл» ретінде түсіндіріп, кір жуғыш машинаның барабанына су қоспай бір рет қана айналдырғанын айтады.
Тексеру барысында мысық ветеринар дәрігердің қарауынан өтті. Жануардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Бірақ бұл жағдай бойынша мысық иесі жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Құқық қорғау органдары ескертеді: жануарларға стресс, ауырсыну немесе ықтимал қауіп төндіретін кез келген әрекет – себептері мен жариялау формасына қарамастан жол берілмейді.
Құрметті әлеуметтік желі қолданушылары! «Әзіл» мен шынайы өмірдің арасында нақты шекара болуы тиіс. Қаралым мен лайкқа ұмтылу қатыгездікті ақтай алмайды. Жануарлар — контентке арналған реквизит емес, олар қамқорлықты, жауапкершілікті және құрметті қажет ететін тірі жандар», – делінген хабарламада.



