«Баламыз жақсы өмір сүрсін дедік»: ұлының еміне деп 1,5 млрд теңге жинап, шетелге саяхаттаған ерлі-зайыпты сотта жауап берді
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 08:01
- 42
Ұлының еміне деп, елден жылу жинап, сол қыруар қаржыға "қызық қуған" ерлі-зайыпты блогерлер сот алдында жауап беріп жатыр. Тотақановтар науқас баласының видеосын желіде жариялап, жылап-сықтап, 1 жарым миллиардтай теңге жинапты. Бірақ соның 6 миллионын ғана баласының еміне жұмсаған дейді мемлекеттік айыптаушы. Қалған ақшаға автокөлік, баспана сатып алып шетелге саяхаттаған. Блогер тағылған айыптармен келіспей, бүгін де сот залында көз жасына ерік берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Сырқат баласын сылтауратып, төрт жыл бойы елден көмек жинап келген блогер Толқын мен Дәулет Тотақановтар бүгін осы әрекеті үшін сот алдында жауап беріп жатыр. Ерлі-зайыпты блогерлер әлеуметтік желіге әсерлі жазбалар жариялап, баласы Әлтайырдың отасына деп халықтан 50 миллион сұраған. Кейін шотқа миллиондар түскенде тоқтай алмаса керек. Сөйтіп бір жарым миллиардтай жылу жиналыпты. Ал блогерлер соның 6 миллионын ғана баласының еміне жұмсаған дейді мемлекеттік айыптаушы.
«1,4 млрд теңге ақша түскен, Қазақстан азаматтарынан. Қаражаттың тек 6 млн теңгесі емге жұмсалған. 10 млн-дайы 68 операция — 1хбет, букмекерлік ойындарға, 300 млн-дай қарыз қайтаруына кетті. 458 млн әлеуметтік желідегі таргетинг, жарнамаға төленген», - деді мемлекеттік айыптаушы
Ақтөре Беріков.
Бренд киімдер мен қымбат көлікті былай қойғанда, күдікті ата-ана сырттан тамаққа тапсырыс берудің өзіне 8 миллионға жуық жұмсапты. Қысқасы, елден жиналған жылу емнен басқаның бәріне шашылған. Оңай ақшаға аран ашылғаны сонша, қайырымдылыққа түскен қаржы блогер келіншекпен қоса, 2021 жылы өмірден өтіп кеткен оның анасының есеп-шотына да түсіп отырыпты. Блогер отағасы осыны мысалға келтіріп, кінәсін мойындаған жоқ.
«Мен ешқандай ақша жинауға қатысқан жоқпын, мен қайырымдылыққа есепшот ашқан жоқпын, әлеуметтік желіге ештеңе жарияламадым, тіпті халықтан ақша да сұраған жоқпын. Ешқандай дәлел жоқ, менің ақша сұрағаныма, ал менің жеке шотыма бірде-бір теңге түспеген. Мені Толқынның күйеуі болғаным үшін қылмысқа қатысы бар деп айыптап жатыр», - дейді айыпталушы Дәулет Тотақанов.
Тек «Толқынның күйеуі» болғаны үшін прокурорлар Тотақановты темір торға тоғытқалы отырған жоқ. Дәлел жеткілікті, деп отыр мемлекеттік айыптаушы. Сондықтан ерлі-зайыпты блогерлердің екеуін де 7 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Мүлкі де тәркіленуге тиіс деп санайды прокурор. Тек баланың кәмелетке толмағаны ескеріліп, анасының жазасы екі жылға шегерілуі мүмкін. Блогер келіншек мұны естігенде жылап жіберді.
«Құрметті сот, өтінемін, менің отбасым бар. Жалғыз ғана ауру балам бар. Біз оған керекпіз. Біз ауру баламнан ұзақ өмір сүруіміз керек. Оған қамқор болуымыз керек. Біз тек баламыз жақсы өмір сүрсін деп күрестік. Біз ол ақшаны қарыз жабуға құрттық», - дейді айыпталушы Толқын Тотақанова.
Жаза жеңіл болмайтын сыңайлы. Дәулет пен Толқын Тотақановтарға алаяқтық жасады және қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастырды деген баптармен айып тағылған. Сот отырысы 8 қаңтарда жалғасады. Баласын бизнеске айналдырғысы келген блогерлердің жазасы сол кезде белгілі болмақ.



