Ақтөбедегі жантүршігерлік жол апаты: сот қаза тапқан 12 адамға қатысты істі тоқтатты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:11
- 44
Ақтөбе облысында 12 адам көз жұмған жол апатына байланысты айыпталған жүк көлігінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Kazinform порталына сілтеме жасап.
Қылмыстық істі өңірдің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Судья Сабыров айыпталушының қайтыс болуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарды.
“Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша айыпталған И. Халеловқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 1-тармақшасына сәйкес айыпталушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылу керек”, – деді судья.
Сабыровтың айтуынша, іс сотқа дейінгі тергеу сатысында-ақ тоқтатылуы тиіс болған. Алайда полицияның анықтаушысы салғырттық танытып, айыптау актісін сотқа жолдаған.
“Полиция қызметкері өз міндеттерін толық орындамаған және іс жүргізу заңнамасының талаптарын сақтамаған. Мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін бұл мәселеге Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшысы назар аударуы қажет”, — деп атап өтті судья.
Сондай-ақ қаулыға сәйкес, екі көлік те өз иелеріне қайтарылды.
Еске салсақ, Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 12 адам қаза тапқан еді. “Самара – Шымкент” трассасында жүк көлігі мен жолаушылар отырған “Газель” бетпе-бет соқтығысқан. Оқиға орнында екі жүргізуші мен автобус жолаушылары – барлығы 12 адам, оның ішінде 3 жастағы бала мен 9 жастағы оқушы көз жұмды. Тағы алты адам ауыр жарақат алды.



