Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қарағанды облысында 23 жастағы қызды зорламақ болды деген әкімнің жазасы жеңілдетілді

Қарағанды облысында 23 жастағы қызды зорламақ болды деген әкімнің жазасы жеңілдетілді
Сурет: Шет ауданының әкімдігі
Қарағанды облысында 47 жастағы әкім 23-тегі қызды зорламақ болды деп айыпталды.

Қарағанды облысында қарамағындағы жас маманға күш көрсеткен ауыл әкіміне қатысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы ұстанымын күрт өзгертті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі «ПАТРИОТ» арнасына сілтеме жасап.

Шет ауданы Ақшатау кентінің 47 жастағы әкімі Сеилбеков Нұрлан сот залына айдауылмен жеткізілуде. Ол тергеу изоляторында қамауда отыр. Жарты жыл бойы прокуратура шенеунікті «Зорлауға оқталу» бабы бойынша айыптап келген еді. Алайда үкім шығаруға жақын қалғанда Шет ауданы прокурорының міндетін атқарушы Құрмет Жаңабергенов судьяға жаңа айыптау актісін ұсынды.

Мемлекеттік айыптаушы ауыр қылмыс саналатын «Зорлауға оқталу» бабынан толық бас тартты. Енді әкімге Қылмыстық кодекстің 108-1 бабы, яғни «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша айып тағылуда.

Тергеу мәліметінше, оқиға 2025 жылы 3 мамырда таңғы сағат 06:00 шамасында қызметтік пәтерде болған.

Прокурордың жаңа тұжырымына сәйкес, әкім мен 23 жастағы жәбірленушінің арасында жанжал туындаған. Қызметкер әкімнен бұрын жасатқан түсік туралы өз ата-анасына айтуды талап еткен. Шенеунік бұған келіспей, қыздың талабын басу мақсатында күш қолданған. Айыптау актісінде әкімнің қызды бетінен үш рет ұрғаны, мұрнынан соққы жасап, қанатып, итеріп, денесіне зақым келтіргені жазылған.

Ал жәбірленушінің нұсқасы мүлдем басқа. Ол әкімнің өзін зорлауға әрекеттенгенін, қарсылық көрсеткен кезде соққыға жығылғанын айтады.

Сондай-ақ қыз 2024 жылдың қаңтар айында әкім мас күйінде түнде келіп, өзін зорлағанын, соның салдарынан жүкті болып, түсік жасатуға мәжбүр болғанын жеткізді. Алайда тергеу органдары бұл эпизодты дәлелдей алмағандықтан, әкімге ол бойынша айып тағылмады.

Ішкі істер органдарының ардагерлері болып табылатын қыздың ата-анасы прокуратураның шешіміне наразылық білдірді.

«Сараптама қызымның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келгенін нақты көрсетті. Ол күйзеліске түсіп, психикалық ауытқуға ұшырады. Сотта куәгерлер жауабын өзгерткен жоқ, жаңа дерек ашылмады. Олай болса, прокуратура неге аяқ астынан ауыр айыптан бас тартты? Мен Бас прокуратурадан істі бақылауға алуды сұраймын», — деді жәбірленушінің әкесі Асыл Рахымжанов.

Жәбірленуші Ақшатау әкімдігіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда, түпкілікті үкім әлі шыққан жоқ.

Сеилбеков Нұрлан Төкенұлы - 1978 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақсу-Аюлы ауылында туған. 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Ақшатау кентінің әкімі қызметін атқарған.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар