Жаңаөзенде 7 баланың анасын өз күйеуі өлтірген жағдай бойынша жаңа деректер айтылды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 10:49
- 159
Маңғыстау облысында 44 жастағы әйелді күйеуі пышақтап өлтірді. Қанды қылмыс Жаңаөзен қаласының іргесіндегі Қызылсай ауылында болған. Күдіктінің мұндай сұмдыққа баруына тұрмыстық жанжал себеп деген болжам айтылуда. Өз әйелін өлтірген азамат кінәсін мойындап полицияға өзі хабарласыпты. Бірден қамауға алынып, қазір тергеу жүріп жатыр. Қайғылы оқиғаның мән-жайын КТК тілшісі біліп келді.
Қызылсай ауылындағы кісі қолынан қаза тапқан марқұм Назгүл Доғдырбайқызы осы үйде тұрған. Полиция басқармасы қылмысқа күдікті деп танылып, оның күйеуі ұсталғанын мәлімдеді. Оған күдікті бірнеше рет пышақ салған. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиға үйдегі тұрмыстық дау-жанжалдан туындаған.
Көршілерінің айтуынша, марқұм көп сөйлемейтін өте момын адам болған. Көрші-қолаң оның жадырап күліп жүретін кезін сирек көрген. 44 жастағы келіншектің жеті баласы жетім қалды. Марқұм үлкен екі қызын ұзатып үлгеріпті. Ал ауыр қылмыс жасаған күйеуі ауылдың кішігірім той-томалағында ән айтып жүрген өнерпаз екен.
«Назгүл менің нағашы жағымнан құдаша. Сәлеміміз түзу болатын. Бір ауылдың қызымыз. Жайдары, жұмсақ, бір күліп жүргенін көрмедім, үнемі тымсырайып, мұңға батып жүретін еді. Кейде өзім «Әй, Назгүл, қалайсың» деп алыстан амандасатын едім. Тұңғиыққа батып жүреді. Мен соны көрдім.Күйеуі жастау кезінде сахнада өлең айтып жүретін»,-дейді марқұмның көршісі Айсәуле Оңайбаева
Пышақ жарақатынан қатты зардап шеккен әйел сол бойы көз жұмған. Қазір күдікті ретінде күйеуі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал отбасында туындаған. ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және обьективті анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізілуде»,-дейді , Жаңаөзен қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Сағынов.
Күні кеше ғана балалары асыр салып ойнап жүрген бұл үйде қазір ешкім жоқ. Оның ең кіші баласы небәрі үш жаста болған. Қазір шиеттей бала-шағаны марқұм келіншектің енесі өз үйіне алдыртқан. Небәрі 44 жасында озбыр күйеуінің қолынан қаза тапқан көпбалалы ананың денесі ертең жерленеді.


