«Қатты ызаланған, намысына тиген»: Құлсарыда мектепте қатарластарын балтамен қуған оқушының анасы шындықты айтты (ВИДЕО)
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 10:21
- 41
Атырау облысында мектепте сыныптастарын балтамен қуалаған оқушының анасы ұлының не себепті мұндай қадамға барғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мейіржан Ұзақбайұлының анасы Мәншүк Жиембетова оқиғаның қалай өрбігені туралы айтып берді.
«5 ақпан күні балам сабағына барды. Екінші сабақ бітіп, қоңырау соғылған сәтте бала сынып ішінде отырады. Оның жазбасы мектептің бейнекамерасында сақталған. Оны өзім көрдім. Бірақ, оны түсіруге, таратуға бізге рұқсат бермеді. Бірақ баламның жаман қылықтағы видеосы тарап жатыр. Ал, неге өзімен өзі отырған сәтін көрсетпейді. Оған сыныптастары - куә. Менің балам 2 қабатта оқиды. Ал, әлгі төрт бала 3 қабатта оқиды. Төрт бала арнайы сыныбына келіп, Мейіржанды дәретханаға шақырып алған. Дәретханада төрт балаға күші келмейтін болғандықтан, ол осындай жағдайға барып отыр. Осыған дейін балам күй айында басқа мектепке ауысқысы келген. Сол кезде мен «Бір жыл қалды, абыроймен аяқтап шық» деп айтқан болатынмын. Мен баламды сабаққа баруына итермелеймін. Бірақ сабаққа барғысы келмейді. Әке-шешенің айғайымен барып, келіп жүрді. Бір күні «анашым, сіз маған сабаққа бар дейсіз, бір күні басқаша жағдайда келсем не болады?» деді. Оны жаманға жорыған жоқпын», - дейді оқушының анасы.
Айтуынша, егер төрт оқушы Мейіржанға барып тиіспегенінде ол мұндай әрекетке бармайтын еді. Қатарластары оның намысына және ашуына тиген.
«Балам сабаққа барғысы келмейді. Міне, көрдіңіз бе, арты неге әкелді. Ең соңында жаман атақты менің балам алды. Егер, төрт бала оның сыныбына бармаса, менің балам олай жасамас еді. Қатты ызаланған, намысына тиген. Екі жақты қаралуы тиіс. Менің балам ауру емес. Дәлізде балалар жүр. Кішкентай қыз, ұл тұр. Ауру болса, неге тимейді оларға?! Тек қана төрт баланың артынан қуып жүр. Қатты ашуына тиген. Сол төрт балаға ғана жүгіріп жүр. Төрт балаға арыз шағымым жоқ. Балалар бір-біріне кек сақтамасын! Алып-қашпа сөзге сенудің қажеті жоқ!», - дейді әйел.



