Германиядағы экс-судьяның өлімі: Бас прокурор күдіктілерге қатысты дерек айтты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:40
- 45
Қазақстан Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеу барысы жөнінде айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бас прокурордың орынбасары экс-судьяның өліміне басты күдікті марқұмның күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцоваға халықаралық іздеу жарияланғанын атап өтті.
«Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі тарапынан азаптау фактісі бойынша қылмыстық із қозғалды. Ресей Федерациясына екі адамның да азаматтығын анықтау үшін халықаралық тергеу комиссиясын жібердік. Өздеріңіз білетіндей, Ресей Федерациясы да дәл біз сияқты өз азаматтарын бермейді. Біз олардың азаматтығын анықтағаннан кейін әрі өздерінің лайықты жазасын алуы үшін қылмыстық істі Ресей Федерациясы тарапына береміз. Сол сияқты бұл істі Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин өз назарына алғаны туралы оқыдым», – деді Қойгелдиев.
Бас прокурордың орынбасары Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцова Ресейден кете алмайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, екеуі де тергеу аясында бақылауда отыр.
Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаева өмірінің соңғы бес жылында күйеуімен және баласымен бірге Германияда өмір сүрген. Ол 2024 жылдың 3 маусымынан бастап байланысқа шықпай қалған. Оның із-түзсіз кеткеніне алаңдаған туыстары Айгүлдің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін екенін айтып, Франкфурт-на-Майндегі Қазақстанның Бас консулдығына жүгінген.
Арада көп ұзамай, жергелікті БАҚ бұрынғы судьяның мәйіті табылғанын хабарлады. Оның денесі Бенсхайм қаласының шетінде орналасқан карьерден қаптың ішінен табылған. Марқұмның қолында, мойнында және бетінде пышақ жарақаттары болған. Осыдан кейін Сайлыбаеваның 49 жастағы енесі Наталья Донцова да хабар-ошарсыз кеткен.




