Алматы облысында 52 жастағы әйелді 20 шақты ит талады: оқиғаның мән-жайы айтылды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 09:36
- 31
Алматы облысында 52 жастағы әйелді көршісінің 20 шақты иті талап тастады. Үсті-басы қанжоса болған оны көшеден өтіп бара жатқан ауылдастары төбеттерден әрең арашалап алыпты. Қазір әйел ауруханада жатыр. Науқастың жағдайы орташа ауыр дейді дәрігерлер. Осыдан соң иттердің иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиға дәл осы жерде тапа-тал түсте болған. Жол бойымен келе жатқан әйелге 20 шақты ит тап берген. Куәгерлерлің айтуынша, жапа шеккен Ольганың денесінің сау-тамтығы қалмапты. Маңайдағылар бірден жедел жәрдем шақырып, келіншек ауруханаға жеткізілген.
«Біз оны әрең дегенде сүйреп шықтық. Ол есінен танып қала жаздады. Алдымен фудболкасын шештім. Арқасында, басында тістелген жаралар болды. Тіпті балтыр тұсында ет көрініп тұрды. Бірден жедел жәрдем шақырдық», - дейді Екатерина Андропова
Талаған иттер бір үйдікі болып шықты. Тұрғындардың сөзінше, көршісі ауласында 30-ға тарта жануар ұстайды екен. Тіпті иттерін көшеде өзімен үнемі бірге ілестіріп жүретінге ұқсайды. Сөздеріне сенсек, оның психикалық ауытқуы бар екен. Қит етсе, 60-тың алқымындағы азамат «менің қолымда қағазым бар, маған ештеңе істей алмайсыңдар» деп, тұрғындарды қорқытады екен.
«Дамирдың өзі енді ауру адам болғаннан кейін, менің қолымда қағазым бар, маған заң ештеңе істей алмайды, сендер маған ештеңе істей алмайсыңдар дейді. Халық дейтін бұл жерде сол Дамирдың итімен өзінен қорқып болған. Балаларды да, қазір ешқандай баланы ауланың сыртына шығарып, ешкім еркін ойната алмайды. Ол балалар өз алдына, үлкендер өздері жүре алмайды. Бәрінің проблемасы сол, иттер көбейіп кетті», - дейді Ақмарал Хангерейқызы.
Төбеттер басы мен аяғынан тістелеп, тіпті жамбас еттерін де жұлып жіберген дейді дәрігерлер. Басындағы жараны тазалау үшін әйелдің шашын алып тастапты. Қазіргі жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
«Науқасқа бірінші рет көмек көрсетілді. Бірінші хирургиялық емдеу жасалынды жараларына, басқа да дәрілер жаңағы протокол бойынша дәрілері тағайындалып, қазір емін алып жатыр. Жағдайы қазір тұрақты, орташа ауыр. Жараларын таңу үшін шашын алып тастауға тура келді», - дейді Қарасай ауданы орталық ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Әсет Есқұлов.
Полицейлер қазір тергеудің жүріп жатқанын жеткізді.
«Иттердің 52 жастағы әйелге шабуыл жасауы фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс тіркеді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс істеуде. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында иттердің иесі болып табылатын 60 жастағы күдікті анықталды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ол заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды», - дейді Алматы облысы ПД бөлім басшысы Ернар Сайдильдин.
Бұралқы иттер елді мекеннің ит-құсы мен жан-жануарын қырып, енді адамдарға тіс сала бастаған. Тұрғындар бұған дейін де екі адамды талағанын айтады. Жағдайды айтып құзырлыларға бірнеше мәрте шағымданған. Алайда еш нәтиже болмапты. Соған қарағанда бұл оқиғалар сабақ болмаған сияқты.
«20-дан астам иті бар екен. Сол күні бірден ветинспекция кірісіп, жұмыстарын жалғастырды. Қазіргі таңға дейін 20-дан астам итті алып шыққан болатын. Олар сол күннен бастап қазіргі күнге дейін 30-дан астам итті аулады. 30-дай ит ауланды. Бұралқы ит бар, осы кісінің иті бар. Бірақ жұмыс округ бойныша да, аудан бойныша да жалғасып жатыр», - дейді Қарасай ауданы Ұмтыл ауыл округінің әкімі Ислам Ибатжан.
Егер қылмыс анықталса, иттің иесі 10 айлық есептік көрсеткіш немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Десе де тұрғындар итіне ие бола алмаған көршісін ауылдан көшіруді талап етіп отыр.



