Оның айтуынша, 1995 жылғы Конституцияда «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар» деп белгіленсе, жаңа редакцияда бұл құқық абсолютті және ажырамас деп танылып отыр. Бұл – жай ғана сөздік өзгеріс емес, құқықтық мазмұны тереңдеген, философиялық әрі құқықтық тұрғыдан күшейтілген норма.
«Абсолютті» дегеніміз – бұл құқық ешқандай жағдайда шектелмейді. «Ажырамас» дегеніміз – адамнан ешкім, ешбір билік, ешқандай жағдайда тартып ала алмайтын табиғи құқық. Сонымен бірге, өлім жазасына толық тыйым салынуы – мемлекетіміздің гуманистік бағытын айқын көрсететін тарихи шешім. Бұл – жазалаудан бұрын өмірді қорғауды таңдау, адам тағдырын ең жоғарғы құндылық деп тану», дейді А.Бекбосынов.
Оның сөзінше, құқықтық мемлекет үшін ең басты байлық – жер де, ресурс та, билік те емес. Ең бастысы – адам мен оның өмірі. Заңның өзегінде адам тұрса, елдің ертеңі де берік болады.
«Алдағы референдум – әр баптың мазмұнына терең үңіліп, елдің құқықтық болашағына қатысты саналы шешім қабылдайтын жауапты кезең. Әр азаматтың белсенділігі – мемлекеттің құқықтық дамуына қосылған үлес», деп ой қосты ол.
Сонымен қатар, адвокат жаңа Конституция жобасының 85-бабы жайында да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты Конституцияда арнайы бекітілмеген болатын. Ол заңдар мен Президент жарлықтары негізінде қызмет атқарып келді. Енді бұл институт алғаш рет дербес конституциялық орган ретінде айқын белгіленіп отыр.
«Адам құқықтары жөніндегі уәкіл – адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдесетін, оларды ілгерілетуге ықпал ететін тәуелсіз институт. Жаңа жобаға сәйкес уәкілді Президент тағайындайды; ол өз қызметінде толық тәуелсіз және ешбір мемлекеттік органға есеп бермейді; қол сұқпаушылық кепілдіктерімен қорғалады (қылмыс үстінде ұсталу жағдайларын қоспағанда); сондай-ақ оның құқықтық мәртебесі мен қызмет тәртібі арнайы конституциялық заңмен айқындалады», деп түсіндірді сарапшы.
А.Бекбосынов жобаның 86-бабында адвокатураға да жеке бап арналуы – құқық үстемдігін нығайтудың маңызды қадамы екенін айтты. Оның сөзінше, бұған дейін салалық заңдармен ғана реттеліп келген адвокатура институты енді Негізгі заңның тікелей қорғауына алынып отыр.
«Аталған бап аясында енді азаматтардың білікті құқықтық көмекке еркін әрі сеніммен жүгінуіне мүмкіндік беріледі; құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктері күшейеді; мемлекеттік органдардың жауапкершілігі артады; сот және құқық қорғау жүйесіне деген қоғамдық сенім нығаяды», дейді А.Бекбосынов.



