Наурыз мейрамы: Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарға үндеу жасады
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:20
- 44
Денсаулық сақтау министрлігі Наурыз мейрамына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Министрлік ата-аналарға бірқатар талапты сақтау қажеттігін ескертті.
"Мерекеге дайындық барысында халық жаппай азық-түлік сатып алады, ата-аналар балабақшалар мен мектептерге тағам апарады, қалалар мен елді мекендерде жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Мерекелік іс-шаралар кезінде тағамнан улану мен инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында бірқатар талаптарды сақтау қажет", - делінген хабарламада.
Осыған байланысты ведомство мына талатаптарды ескеруге шақырады.
Іс-шараларды ұйымдастырушылар мен қатысушыларға:
- іс-шаралар кестесін құрып, аумақтар бойынша бөліп, қатысушылар санын алдын ала жоспарлау;
- адамдардың жаппай шоғырлануына жол бермеу;
- тағам өнімдерін дайындау және өткізу кезінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау;
- үй жағдайында дайындалған өнімдерді сатуға тыйым салу;
- сатушылар мен қызмет көрсетуші персоналды арнайы киіммен қамтамасыз ету, санитариялық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету;
- тез бұзылатын өнімдерді сату кезінде жеткілікті мөлшерде тоңазытқыш жабдықтарымен және бір рет қолданылатын ыдыспен қамтамасыз ету;
- белгісіз жеткізушілерден алынған үй жағдайында дайындалған өнімдерді (наурыз көже, айран және т.б.) сатуға жол бермеу;
- өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болуын қамтамасыз ету.
Халыққа арналған жадынама:
- қауіпсіз тағам өнімдерін таңдау. Ата-аналар балаларға берілетін тағамның жас ерекшеліктеріне сай болуына ерекше көңіл бөлу;
- жарақаттанудың алдын алу үшін, әсіресе балалармен бірге, адамдар көп жиналатын орындардан (алтыбақан, спорттық жарыстар) аулақ болуға тырысу.
Ұйымдастырылған ұжымдарда (мектептер, балабақшалар): ата-аналар қауымы мен білім беру ұйымдарының әкімшілігі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сақтау талаптары мен мерзімі сақталмаған жағдайда жаппай улануға әкелуі мүмкін үй жағдайында дайындалған өнімдерді тұтынуға тыйым салуы қажет.




