Саясаттанушы: Қазақстан әлемдегі қарулы қақтығыстар кезінде үнемі дипломатиялық жолды ұсынып, арағайындыққа дайын
- автор kyn.kz
- Бүгін, 14:01
- 2.6k
Қазақстан алыс-жақын көршілес мемлекеттермен үнемі жақсы қарым-қатынасты, дипломатияны ұстанатынын әлемдік саяси отырыстарда жиі еске салады. Сонымен қоса түрлі елдерде болып жатқан қақтығыстар кезінде арағайындық танытады. Кезінде Ресейдің Украинаға алғашқы әскери операциялары басталған тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел президенттеріне Астанада кездесіп, мәселені дипломатиялық жолмен шешу мақсатында кездесу алаңын ұсынды. АҚШ-тың Иранға әскери операциясы кезінде де Қазақстан президенті арағайындыққа дайын екенін ашық мәлімдеді,-деп жазды KYN.KZ тілшісі.
Әлемді дүрліктірген осы бір қарулы қақтығыста қауіпті аймақта жүрген қазақстандықтар да жылдам әрі қауіпсіз өз отандарына жеткізілді. Солардың бірі төрт баланың анасы Гүлнар Нағызбаева. Оманнан елге оралған 500 адамның бірі болды.

«Біз Оманға отбасымызбен барғанбыз. Ол елде саяхаттау мақсатында болдық. Ойламаған жерден қарулы қақтығыс басталып кетті. Етек-жеңімізді жия алмастан абдырап қалдық. Өз өмірімізге алаңдап, жанымызды шүберекке түйіп, бойымызды қорқыныш биледі. Қыдырып, көңіл көтермек түгілі басымыз аман, елімізге қайтсақ екен деп жыладық. Елшілікке, Қазақстандағы туған-туыс арқылы Сыртқы істер министрлігіне үнімізді жеткізуге тырыстық. Әуежайда жаттық. Бір жағы әуежай қауіпті аумақ деп қорықсақ, екінші жағы ұшақ бола қалса жете алмай қалмайық, үлгеріп кетейік деген жоспар болды.
Сол қиын сәтте азаматын қаңғыртпай, көз жасын сүртіп, қамқорлық көрсеткен еліме, ел ағаларына, құзырлы органдағы жауапты азаматтарға алғысым шексіз. Міне қазір Алматының әуежайына қонамыз дегенде, жүгіріп түсіп Алматының аспанына қарап жыладық. Бұл бір көрген түстей өтіп кетті. Бірақ сол қауіпті аймақта қалған үш күн өтпестей болып қиналдық. Бастырылып қалған түстей болды. Бұрындары басымызға түсіп көрмегеннен кейін білмейді екенбіз. Өз басым, балаларым қатерде қалған кезде шөлдегенде елім аузыма су тамызғандай болды. Осындай елдің адамы болғаныма қуандым, мақтандым. Қуаныштың көз жасы бұл»,-деп Гүлнар Нағызбаева басынан өткен жағдайды жылап есіне алды.
Қазақстандық саясаттанушы Есенжол Алияров Қазақстанның дәл осы сәтте жылдам әрекет етуі өте орынды, әрі жылдам шешім қабылдауы үлкен өтелген міндет деп атады.
«Әр мемлекет өз халқының алдында жауапкершілік алуға міндетті. Ол бірінші күні әкетеді ме, бірнеше күннен кейін азаматтарын жинап алады ма маңызды емес. Бірақ құзырлы орган, мемлекеттік жауапты азаматтар өз халқын, азаматын құтқаруға міндетті деп есептеймін. Ең бастысы үйге аман-сау оралды. Мысалы, Иран мен АҚШ арасындағы қарулы қақтығыстың Қазақстанға тікелей қатысы болмағанымен, экономикалық тұрғыда жанама әсері бар.
Ол әлем халқына әсер етеді. Содан кейін, Иран Қазақстанмен Каспий арқылы шекараласпыз. Қауіп сол тұстан болуы мүмкін. Қандай да бір ракеталар құлауы, бағытынан жаңылған қару ұшып келуі ықтимал. Біздің құзырлы орган өкілдері әуе қорғанысы күш салып отыр, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр деп есептеймін. Қазақстан бүкіл әлем елдерімен тату қарым-қатынаста. Дипломатияны алға тартатын мемлекет. Сондықтан біздің ел дұрыс бағытта, қазірге ешкімнен бізге қауіп жоқ деп есептеймін»,-дейді Саясаттанушы Есенжол алияров.
Ұқсас жаңалықтар
Атырауда коллонияда сотталғандар төбелесіп, біреуі көз жұмды
- авторТомирис Тоныкөк
- 24 наурыз, 2026




