Алматыда жол ережесін реттеп жүретін жасырын патрульдер жұмысқа кірісті
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 14:45
- 38
Алматыда "STOP бұзушылық" ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы аясында жасырын патрульдеу форматы енгізілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ІІМ-нің ведомстволық сайтының жазуынша, бұл – патрульдік полиция қызметкерлері форма кимей, арнайы белгілері жоқ автокөліктерге мініп, басқа көліктермен қатар қозғалып, қызмет атқарады деген сөз.
Негізгі мақсат – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтау, әсіресе агрессивті жүргізу фактілерін әшкерелеу. Олардың қатарында күрт жолақ ауыстыру, "шахмат" тәсілімен жүру, апаттық жағдайлар туындату секілді қауіпті әрекеттер бар.
Аталған құқық бұзушылықтарды тіркей отырып, жасырын патрульдер ақпаратты нақты уақыт режимінде жақын маңдағы патрульдік полиция экипаждарына жолдайды. Кейін сол экипаждар көлікті тоқтатып, жүргізушіні заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартады.
Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсеткен. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде Алматы қаласында агрессивті жүргізудің 28 дерегі анықталып, жолы кесілген. Барлық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған.
Полицияның мәліметінше, жасырын патрульдеуді енгізу жүргізушілердің тәртібін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, әсіресе қауіпті жүргізу мәнерінен туындайтын апаттардың санын азайтуға бағытталған.
"Жасырын патрульдеу – көзге бірден түсе бермейтін өрескел құқық бұзушылықтарды анықтаудың тиімді құралы. Полиция қызметкерлері жалпы көлік ағынында жүріп, жүргізушілердің нақты мінез-құлқын бақылайды.
Әсіресе агрессивті жүргізу – "шахмат" тәсілімен жүру, күрт маневр жасау және өзге де қауіпті әрекеттер басты назарда. Мұндай фактілер жедел түрде жақын маңдағы экипаждарға жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданады. Біздің міндет – тек жауапкершілікке тарту ғана емес, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру", - деді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаев.



