Мораторий аяқталды: АИ-92 бензинінің бағасы қаншалықты өседі?
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 13:52
- 22
Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин бағасын көтеруге қатысты мораторий аяқталды. Бағаның алдағы уақытта қалай өзгеретіні туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Шенеуніктің айтуынша, Энергетика министрлігі бағаның күрт өсуін күтпейді, бірақ біртіндеп қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Есімханов бұған дейін де осындай жағдай болғанын еске салды — жанар-жағармай нарығын еркіндікке жіберген кезде баға күрт өспеген.
«Бұл тек Энергетика министрлігінің ғана емес, сонымен қатар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, әкімдіктер мен басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Мақсат — нарықта бәсекеге қарсы әрекеттерге жол бермеу», — деді вице-министр Үкіметтегі брифингте.
Сонымен қатар, Есімханов бағаға бақылау жалғасатынын атап өтті. Әсіресе, нарықта артық пайда табуға жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылуда.
«Әрине, аздап өсім болуы мүмкін. Көршілес елдерде жанармай бағасы әлдеқайда жоғары. Бірақ күрт қымбаттау болмайды деп ойлаймын», — деп түйіндеді ол.



