"Сөмкесіне 5 тапанша салып алған": 8-сынып оқушысы мектепте оқ жаудырып, мұғалім және бірнеше бала қаза тапты
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 11:39
- 39
Түркияда 8-сынып оқушы мектепте білім алушылар мен мұғалімдерге оқ жаудырған. Қайғылы оқиғадан 9 адам қаза тауып, тағы 13 адам жарақат алды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға 15 сәуір күні Кахраманмараш провинциясындағы Айшель Чалык атындағы орта мектепте болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, оқушы бұрын полицияда қызмет еткен әкесіне тиесілі қаруды рұқсатсыз алып, мектепке кірген. Рюкзагына бес тапанша салып алған ол екі сыныпқа баса-көктеп кіріп, іште отырғандарға оқ атқан. Салдарынан бір мұғалім мен сегіз оқушы оққа ұшқан. Жараланған 13 адамның үшеуі ауыр халде жатыр. Шабуыл жасаған оқушы оқиға орнында өз-өзіне қол жұмсаған.
Қазір оқушының әкесі ұсталып, тергеуге алынған. Оқиғадан кейін мектеп маңына ата-аналар жиналып, аумақты полиция қоршауға алды. Тергеуге Түркияның Ішкі істер, Әділет және Білім министрлері араласқан. Қылмыстық іс бойынша бірнеше прокурор мен инспекторлар жұмылдырылған.
Билік мектептегі оқуды уақытша тоқтатып, әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Сонымен қатар тергеу құпиялығына байланысты ақпарат таратуға шектеу қойылған.
Айта кетсек, бұл — Түркияда соңғы күндері тіркелген екінші мектептегі атыс. Бұған дейін де басқа өңірде бұрынғы оқушы жасаған шабуылдан 16 адам жараланған.



