Дүбірлі доданың нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үздік үштікті түйіндеді.
Жарыстың шешуші күнінде рингке шыққан үш боксшымыздың екеуі алтын тұғырдан көрінді:
Валерия Аксенова 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Венгриялық Жофия Сирамен болған жекпе-жекте еш мүмкіндік қалдырмай, 5:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Ерлер арасында Сұлтанбек Айбарұлы (85 келіге дейін) жергілікті боксшы, бразилиялық Кауе Белиниді 4:1 есебімен қапы қалдырып, Әлем кубогының иегері атанды.
Ал Аида Әбікеева (65 келіге дейін) финалда өзбекстандық Навбахор Хамидоваға есе жіберіп (0:5), жарыстың күміс жүлдесін місе тұтты.
Сондай-ақ, бұған дейін Виктория Графеева (60 келіге дейін) алтын медаль еншілеген болатын. Осылайша, ұлттық құрама қоржынында барлығы 7 медаль бар:
Медаль түрі Саны Жүлдегерлер
Алтын 3 Виктория Графеева, Валерия Аксенова, Сұлтанбек Айбарұлы
Күміс 1 Аида Әбікеева
Қола 3 Алуа Балқыбекова, Жібек Жарасқызы, Диас Молжігітов
Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Бразилия (4 алтын, 5 күміс), екінші орын Қытай (4 алтын, 1 қола) үшінші орынды Қазақстан (3 алтын, 1 күміс, 3 қола) түйіндеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін қазақстандық боксшылар Азия чемпионатынды бірінші орын алған еді.



