Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Депутат Қазақстанда тағы бір тілді заңды түрде енгізуді сұрады

Депутат Қазақстанда тағы бір тілді заңды түрде енгізуді сұрады
Сурет: digitalbusiness.kz
Бүгінде Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан аса адам тұрады.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова Қазақстанда ым тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заң жүзінде тануды ұсынды. Ол тиісті сауалды республика премьер-министріне жолдады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Смолякованың айтуынша, жыл сайын құқық қорғау органдарына мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарының бұзылуына қатысты 45 мыңнан аса өтініш түседі.

Сондай-ақ, бүгінде Қазақстанда есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан аса адам тұратынын, оның 5 мыңға жуығы балалар екенін атап өтті.

"Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанда ым тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде танылмаған", - деп қынжылды Екатерина Смолякова.

Смолякова ым тілі мамандарының тапшылығына назар аудара отырып, Қазақстанда небәрі 221 сурдопедагог барын айтты. Ал мұндай мамандарды тек 4 жоғары оқу орны даярлайды. Қазір бұл мамандық бойынша бар болғаны 35 студент оқып жатыр.

Депутат сурдоаударма қызметіне берілетін лимит мәселесін де жеке көтерді. Бүгінде есту қабілеті бұзылған азаматтарға жылына небәрі 60 сағат қана сурдоаударма қызметі көрсетіледі.

Депутат Смолякова үкіметтен ым тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заң жүзінде тануды, оны білім беру, медицина, сот, мемлекеттік қызмет және БАҚ салаларында қолдану кепілдіктерін бекітуді, сурдоаударма қызметінің лимитін қайта қарауды, сурдоаудармасы мен субтитрлері бар контент көлемін арттыруды, сондай-ақ сурдопедагогтарды даярлау ісін кеңейтуді сұрады.

"Есту қабілеті бұзылған азаматтарға тең мүмкіндік беру - бұл қайырымдылық емес. Бұл - әділетті мемлекеттің белгісі. Кез келген адам дауыстап сөйлей алмауы мүмкін. Бірақ әр адамның айтуға құқығы бар", - деп түйіндеді парламентарий.

Томирис Тоныкөк
Автор

Томирис Тоныкөк

Kyn.kz тілшісі

Ұқсас жаңалықтар